Венесуэлада жүзден аса саяси тұтқын босатылды

79
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2VWB2JdSKQoDhQJaSe8ntVQfBzkp7sABgGmZUNMv.webp

Венесуэлада билік пен оппозиция арасындағы ұлттық татуласу жөніндегі алғашқы келіссөздерден кейін 131 саяси тұтқын бостандыққа шықты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі DW-ға сілтеп.

Ел үкіметінің мәліметінше, босатылған азаматтар бұған дейін қылмыс жасады деген күдікпен немесе қылмысқа қатысы бар деген негізбен қамауға алынған. Оларға бас бостандығынан айырудың орнына еркіндігін шектейтін балама шаралар қолданылған. Алайда билік бұл шаралардың нақты қандай екенін әзірге жариялаған жоқ. Оппозиция делегациясын басқаратын саясаткер Динора Фигера босатылғандардың барлығы толық еркіндікке шығуы қажет екенін айтты.

«Барлығы босатылған жоқ, бірақ олардың барлығы толық бостандыққа лайық. Әр азамат отбасымен қайта қауышқанға дейін бұл талапты жалғастыра береміз», – деді ол.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 131 адамның босатылуын Венесуэладағы ұлттық татуласу жолындағы маңызды қадам деп бағалады. Оның айтуынша, жыл басынан бері елде барлығы 1046 саяси тұтқын босатылған. Билік пен оппозиция арасындағы келіссөздердің алғашқы раунды 12 тамызда аяқталды. Кездесу барысында тараптар бірқатар мәселе бойынша ортақ пікірге келген. Соның ішінде елдегі сот жүйесін реформалау туралы келісім жасалды. АҚШ Венесуэла үкіметі мен оппозиция арасындағы келіссөздерді қолдап отыр. Вашингтонның қысымынан кейін Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес ұлттық диалог басталғанға дейін рақымшылық туралы заңға қол қойған. Соның нәтижесінде бұған дейін бірнеше жүз саяси тұтқын босатылған.

Comments