Алматыда Канье Уэстің концерті кейінге шегерілді

139
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/yOTPIjSjhRZhO9AarIdyQezxattQob8IPMLjLRel.webp

 

Алматыдағы Орталық стадионда өтуі тиіс болған Канье Уэстің концерті қауіпсіздік шараларына байланысты 15 тамызға ауыстырылды, деп хабарлайды "Адырна".

Көрермендер концерттің басталуын біраз уақыт күткенімен, америкалық рэпер сахнаға шықпады. Ұйымдастырушылар көпшілікке концерттің ертең дәл сол уақытта өтетінін хабарлады. Бұған дейін сатылған билеттердің ертеңгі концертке жарамды болатыны айтылды.

Концерттің кейінге шегерілуіне Алматыда болған ауқымды электр қуатының өшуі де әсер етті. Бүгін Алматы, Алматы облысы және Қазақстанның бірқатар өңірінде электр жарығы өшіп, қалада көлік қозғалысы мен түрлі нысандардың жұмысына қиындықтар туындаған.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, электр қуатының үзілуіне Орталық Азияның энергожүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруі салдарынан энергожүйеде қуат тапшылығының пайда болуы себеп болған.

Электр жарығындағы ақауларға қарамастан, ұйымдастырушылар концертке келген көрермендерді стадионға кіргізуді жалғастырған. Алайда концерт басталардан шамамен бір сағат бұрын Алматыда ауа райы күрт өзгерді.

Күндізгі аптап ыстықтан кейін қалада қатты жел соғып, найзағай ойнады. Стадион аумағында желдің екпіні бірнеше шатырды құлатып әкетті. Кейін олар қайта орнатылды.

Осы жағдайлардан кейін көрермендерге концерттің 15 тамызға ауыстырылғаны хабарланды. Ұйымдастырушылар шешімнің басты себебі ретінде қауіпсіздік мәселесін атады.

Қазіргі таңда Алматы әкімдігі концерттің кейінге шегерілуіне қатысты қосымша түсініктеме беруге дайындалып жатыр.

Comments