Бозымбаев Қарағанды облысының коммуналдық инфрақұрылымының жылыту маусымына дайындығын тексерді

284
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ibDeJK2CUIDP8FVHblg9XgknMnothwj3tH16ljjG.jpg

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қарағанды облысына барған іссапары барысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылуын және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді.

Нысандарды аралау барысында вице-премьер Теміртау мен Қарағанды қалаларында болып, жылу магистральдарының, су тазарту құрылыстарының, электр желілері мен қосалқы стансалардың жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл инфрақұрылымның басым бөлігі 1960-1990 жылдары пайдалануға берілген, ал кейбір нысандардың тозу деңгейі 70-80%-ға жеткен.

Теміртауда негізгі жұмыс жылу желілерін жаңартуға бағытталған. ЖМ-3 жылу магистралінің 8,27 шақырым құбыры қайта жаңартылып жатыр. Бұл желі 60 мыңға жуық тұрғынды немесе 312 көпқабатты үй мен 22 әлеуметтік нысанды қамтамасыз етіп отыр. Магистраль 1967 жылдан бері пайдаланылып келеді, тозу деңгейі 75%-ға жеткен, ал соңғы бес жылда мұнда 38 ақау тіркелген.

Сондай-ақ вице-премьерге былтыр аяқталған жоба – ЖМ-2А жылу магистралінің 3,64 шақырымын жөндеу жұмыстарының нәтижесі көрсетілді. Бүгінгі таңда бұл магистраль 7,2 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз етуде. Бұрын тозу деңгейі 75%-ға жеткен және соңғы бес жылда 31-ге жуық ақау шыққан бұл желіде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының нәтижесінде алғаш рет жылыту маусымы ешқандай апатсыз әрі ажыратусыз өтті.

Бұдан әрі Премьер-министрдің орынбасарының жұмыс сапары Қарағанды қаласында жалғасып, онда сумен жабдықтау жүйесіне ерекше назар аударылды. Мұнда 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген «Қарағанды Су» ЖШС-нің су тазарту кешенін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның тозу деңгейі 80%-ға жеткен, тек соңғы үш жылдың өзінде мұнда 89 апат болған. 

Бұл кешеннің үздіксіз жұмыс істеуі Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтас кентінің 695 мыңға жуық тұрғынын, сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3 орталығын ауызсумен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Қазіргі уақытта мұнда негізгі құрылыстар мен технологиялық жабдықтар жаңартылып жатыр. Жобаның құны – 15,1 млрд теңге.

Сондай-ақ Қанат Бозымбаевқа облыстың электр желілерін жаңғырту жұмыстары таныстырылды. Өңірде электр беру желілері мен қосалқы стансаларды қайта жаңарту бойынша алты жоба әзірленген. Оның төртеуі қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр: 110 кВ екі желі мен екі қосалқы станса жаңартылуда. Бұл жұмыстар желілердің тозуын азайтуға және аймақты электрмен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға бағытталған.

Жұмыс сапары Қарағандыдағы М-3 жылу магистралін аралаумен аяқталды. Онда вице-премьер қаланың екі ірі жылу магистралін қайта жаңарту барысымен танысты. М-3 желісінде 2,4 шақырым құбыр жаңартылып жатыр. Мұндағы магистраль 183 мыңға жуық тұрғынды, 817 көпқабатты үйді және 611 әлеуметтік-мәдени нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Қайта жаңартудан кейін қолданыстағы жүйенің тиімділігі артып, жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен бизнес нысандарын қосуға мүмкіндік болады.

Сонымен қатар М-2 жылу магистралі мен №2 сорғы стансасын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Нәтижесі қазірдің өзінде айқын: жылыту маусымындағы ақаулар саны 36-дан екіге дейін азайды. Жоба толық аяқталғаннан кейін Қарағандының орталық бөлігіндегі 64 мыңға жуық тұрғын тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі.

Өңірдегі жұмыстың барысын бағалай келе, Қанат Бозымбаев қазіргі басты міндет – ең тозығы жеткен учаскелерді уақытында жаңартып, коммуналдық инфрақұрылымды жылыту маусымына толық дайындау екенін атап өтті.

«Қарағанды облысында жұмыс жақсы қарқымен жүріп жатыр: жылу мен электр желілерінің ең қатты зақымдалған әрі тозығы жеткен бөліктері ауыстырылуда. Өңірдің міндеті – барлық қажетті жұмысты 15 қыркүйекке дейін аяқтап, гидравликалық сынақтарды өткізу және жылыту маусымына жүз пайыз дайындықпен кіру. Түптеп келгенде, мұның бәрі халық үшін жасалып жатыр. Жылу, су және электр қуаты – адам күнделікті пайдаланатын тіршілік көздері. Сондықтан біздің мақсатымыз – бұл қызметтердің үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыру», — деді Қанат Бозымбаев.

Қарағанды облысындағы жобаларды жүзеге асыру кезінде отандық өндірушілердің өнімдері белсенді түрде қолданылып келеді. Сапар барысында таныстырылған нысандардың басым бөлігінде қазақстандық өнімдер 95%-дан асады, ал кейбір жобалар бойынша 100%-ға жетеді.

Сапар қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзімі мен сапасын қатаң сақтауды тапсырды. Жылыту маусымының апатсыз өтуіне тікелей әсер ететін нысандарға ерекше назар аударылуы тиіс. Облыс әкімдігі мен жауапты ұйымдарға бекітілген кестеден кешікпеу және жаңғыртылатын инфрақұрылымның күзгі-қысқы кезеңге толық дайын болуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Comments