Қазақстанда онлайн-зорлық-зомбылыққа тап болған әйел журналистерге көмектесетін Aiel-qorgan.kz сайты іске қосылады

219
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PIDuW8nITzqYnYKUQnXgqijdeNDsXU0zkQ8j86uC.webp

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Aiel-qorgan.kz сайтын «Қазақстандағы әйел журналистерге қатысты онлайн зорлық-зомбылықтың алдын алу: онлайн зорлық-зомбылыққа ден қою орталығы» жобасы аясында іске қосады.  

Жоба кәсіби қызметіне байланысты кибербуллингке, онлайн-қудалауға, қоқан-лоқыға, әлеуметтік желілердегі қысымға және цифрлық зорлық-зомбылықтың басқа да түрлеріне тап болатын әйел журналистерді қолдауға бағытталған.  

Журналистерге қарсы онлайн-шабуылдар сөз бостандығы мен медиа қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мұндай шабуылдар олардың кәсіби беделіне ғана емес, жеке өміріне, психологиялық жағдайына және қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Көп жағдайда әйел журналистер бұл мәселемен жалғыз қалып, қайда жүгіну керегін және онлайн зорлық-зомбылық фактісін қалай дұрыс тіркеу қажеттігін біле бермейді.  

Осы мақсатта Aiel-qorgan.kz платформасы әзірленді. Бұл – журналистерге түсінікті нұсқаулықтар, пайдалы материалдар және қолдау алу мүмкіндігін ұсынатын ақпараттық әрі практикалық платформа.   Жобаның мақсаты – әйел журналистердің цифрлық ортадағы қауіпсіздігін арттыру, онлайн-қауіптердің әртүрлі түрлерін тануға, шабуылдарға дұрыс әрекет етуге және дер кезінде құқықтық, психологиялық әрі ақпараттық қолдау алуға көмектесу.    

Сайтта онлайн зорлық-зомбылық түрлері туралы материалдар, шабуыл кезіндегі әрекет алгоритмдері, цифрлық қауіпсіздік бойынша ұсынымдар, пайдалы нұсқаулықтар, мониторинг нәтижелері және қолжетімді көмек тетіктері туралы ақпарат орналастырылады.    

Сайтты кімдер пайдалана алады?  

Сайт ең алдымен онлайн-қауіптерге тап болған немесе цифрлық қауіпсіздігін алдын ала күшейткісі келетін Қазақстандағы әйел журналистерге, редакторларға, блогерлерге, медиа қызметкерлеріне және БАҚ өкілдеріне арналған.  

Сонымен қатар платформа редакциялар, медиа ұйымдар, құқық қорғаушылар, қауіпсіздік саласындағы сарапшылар, журналистика оқытушылары және цифрлық ортада журналистерді қорғау тақырыбымен айналысатын барлық мамандар үшін пайдалы болады.   Жоба аясында редакциялармен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады. Платформада серіктес БАҚ кейстерін орналастыру, сондай-ақ нақты редакциялардың қажеттілігіне бейімделген қауіпсіздік ұсынымдары мен стратегияларын әзірлеу жоспарланып отыр.

«Біздің міндетіміз –  онлайн-шабуылға тап болған әйел журналистің жалғыз қалмауына жағдай жасау. Оның қолында нақты әрекет алгоритмі, қолдау алу мүмкіндігі және өзінің қауіпсіздігі маңызды екенін сезінуі қажет», - деп атап өтті «Әділ сөз» қоры.  

Жоба Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасы Елшілігінің қаржылық қолдауымен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры тарапынан жүзеге асырылады.  

Aiel-qorgan.kz сайты Қазақстанда онлайн зорлық-зомбылықтың алдын алу, қауіпсіз цифрлық ортаны дамыту және әйел журналистерді қорғауды күшейту бағытындағы кең ауқымды жұмыстың бір бөлігіне айналады.    

Comments