Заңсыз миграцияның күшеюіне не себеп? Марокко билігі жауап берді

170
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/P128XeOB0p3zR17ZkYJI8VZxQqHBaWr3yFFRUmNo.webp

Фото: Reuters

Марокко билігі Испанияның Сеута және Мелилья анклавтарына заңсыз мигранттардың жаппай ағылуына әсер еткен негізгі себептерді атады. Бұл туралы Hespress басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Марокко Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жағдайдың ушығуына интернетте тараған жалған ақпарат, адам саудасымен айналысатын қылмыстық желілердің әрекеті және Испания соттарының соңғы шешімдерінің бұрмаланып түсіндірілуі себеп болған. Ведомствоның айтуынша, сот шешімдері туралы қате ақпарат Еуропаға жету жеңілдеді әрі мұндай әрекеттің құқықтық салдары мардымсыз болады деген жаңсақ пікір қалыптастырған.

Сеутадағы миграциялық дағдарыс 30 шілдеде басталды. Сол күні мыңдаған Марокко азаматы шекараны жүзіп, үрлемелі шеңберлер мен шағын қайықтардың көмегімен кесіп өте бастаған. Бір жарым күн ішінде Испанияның Сеута қаласына шамамен 50 мың адам өткен. Ал қала әкімшілігі олардың санын 60 мыңға жуық деп бағалаған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Испания аумағына жетуге әрекеттенген мигранттар арасында қаза тапқандар саны 72 адамға жеткен. Олардың қатарында шекараны жүзіп өтпек болған 20 жастағы «Магреб Атлетик» футбол клубының ойыншысы Фатен Бен Амар әл-Азиз де бар.

Марокко ІІМ-нің хабарлауынша, кей жерлерде Марокко мен Сеута арасындағы қашықтық 70 метрден аз, ал судың тереңдігі екі метрден сәл ғана асады. Бұл көптеген адамның шекараны кесіп өту қауіпсіз деген қате түсінікке бой алдыруына себеп болған.

Дағдарысқа байланысты Испания билігі Сеутаға әскери күштер жіберді. Қала мэрі Хуан Хесус Вивас қалыптасқан жағдайды гуманитарлық және әлеуметтік апат деп бағалады. Кейін Испанияның Ішкі істер министрлігі екі ел заңсыз кірген мигранттарды жедел депортациялау жөнінде келісімге келгенін мәлімдеді.

31 шілде кешінде Испания үкіметі ондаған мың мигранттың құрлықтағы шекара арқылы өз еркімен Мароккоға оралғанын хабарлады. Испанияның Сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарестің айтуынша, Сеутадағы миграциялық дағдарыс іс жүзінде еңсерілген.

Comments
Other materials