Қазақы амандасу әдебін кейінгі әдеттермен шатастырмау керек – Экс-депутат

144
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4Zv9gTrg8ZgJYEJpuT8RtJw0M7QNHjdOQyOzdT5h.jpg

Экс-депутат Нұртөре Жүсіп қазақ қоғамындағы амандасу мәдениеті туралы пікір білдіріп, кейінгі жылдары қалыптасқан кейбір әрекеттерді қазақтың төл дәстүрі ретінде қабылдауға болмайтынын айтты.

Бұл туралы ол "Адырна" ұлттық порталына берген сұхбатында айтты. 

Оның айтуынша, бүгінгі күні кең таралған міндетті түрде қол алысу немесе беттен сүйіп амандасу қазақ халқының ежелгі салты емес. Әсіресе әйел адамның бірінші болып ер адамға қол созуы немесе беттен сүйіп амандасуы ұлттық дәстүрдің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылмауы тиіс.

«Міндетті түрде қол алу, сосын міндетті түрде беттен шығу деген нәрселер артық деп ойлаймын. Әйел адамның ер адамға бірінші болып қол созуы – қазақтың бұрыннан келе жатқан әдеті емес»,- деді Нұртөре Жүсіп.

Депутаттың айтуынша, бүгінде ер адамдардың бір-бірімен беттен сүйіп амандасып жатқанын да жиі көруге болады. Алайда мұндай әрекеттерді де қазақтың дәстүрлі әдебімен байланыстыру дұрыс емес. Оның пікірінше, қазақ қоғамында амандасудың өз орны, өз тәртібі болған және ол ең алдымен әдепке негізделген.

Нұртөре Жүсіп дастархан басындағы қарым-қатынас мәдениетіне де ерекше тоқталды. Ол қазақ дәстүрінде ас үстінде отырған адамдардың сырттан келген кісімен қол алысып амандасуы болмағанын айтты. Керісінше, дастархан басында отырған адамның астан тұрып, қол алысып шығуы немесе барлығының ас үстінде жаппай амандасуы кейін қалыптасқан дағды екенін жеткізді.

«Жұрттың дастархан ішінде жаппай қол алысқанын өз басым құптамаймын. Бұл – қазақтың бұрыннан келе жатқан дәстүрі емес»,- деді сенатор.

Оның пікірінше, ұлттық салт-дәстүрге қатысты мәселеде кейін пайда болған әдеттер мен қазақтың төл мәдениетін ажырата білу маңызды. Амандасу мәдениеті де ең алдымен әдепке, орын мен жағдайға негізделуі керек. Сондықтан қазіргі қоғамда кең таралған кейбір әрекеттерді қазақтың ежелден келе жатқан салты ретінде көрсету дұрыс емес.

Comments