Министр халықаралық физика олимпиадасында тарихи жетістікке жеткен қазақстандық оқушыларды құттықтады

107
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8FMTLzjD1VrPVyVMTqXOrcEsTxhEhqHcvEkKJT6U.jpg

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Колумбияда өткен 56-шы халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) тарихи жетістікке қол жеткізген қазақстандық оқушыларды құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Министрдің айтуынша, ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп, Қазақстан тарихында тұңғыш рет халықаралық физика олимпиадасындағы барлық мүмкін болған бес алтын жүлдені иеленді.

«Бұл жеңіс – елімізде білім беру жүйесін дамыту, дарынды балаларды қолдау және олардың қабілетін шыңдауға бағытталған кешенді жұмыстың жарқын көрінісі», – деп жазды Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен ғылымды дамытуға, талантты жастарды қолдауға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтіп, бүгінгі тарихи нәтиже осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жемісі екенін жеткізді.

Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қазақстан IPhO олимпиадасына 1997 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде алғаш рет ұлттық құрама барлық бес алтын медальді толық иеленді.

Алтын медаль иегерлері – Нұргүл Егенбергенова, Әмірбек Азатбеков, Ілияс Қазымбек, Роман Черемнов және Дамир Құрман.

Аида Балаева оқушылардың бұл жетістікке жету жолында бірнеше жыл бойы тынымсыз еңбек еткенін атап өтіп, олардың ата-аналарына, ұстаздары мен бапкерлеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ құрама дайындығына жетекшілік еткен Гүлия Нұрбақоваға, Самат Мақсұтовқа, Әлішер Еркебаевқа және барлық педагогтерге ризашылығын жеткізді.

Comments