Өзбекстанның Заң шығару палатасы 7 шілдеде өткен пленарлық отырыста латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін өзгерту туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі gazeta.uz-ға сілтеме жасап.
Құжат депутаттар тарапынан үш оқылымда бірден, қарсы дауыссыз мақұлданып, Сенат қарауына жіберілген.
Түзетулерге сәйкес, латын графикасындағы өзбек әліпбиі қазіргі 26 әріп пен үш әріптік тіркестің орнына 28 әріп пен бір апострофтан тұрады.
Ұсынылған өзгерістер бойынша қазір екі таңбамен берілетін төрт әріп бір таңбамен жазылады. Атап айтқанда, «Sh» орнына – «Ş», «Ch» орнына – «Ç», «Oʻ» орнына – «Ö», ал «Gʻ» орнына – «Ğ» қолданылады. Қалған әріптер өзгеріссіз қалады.
Талқылау барысында депутаттар жаңа нормаларды кезең-кезеңімен әрі тиімді енгізуге бағытталған ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, заң күшіне енгенге дейін бұрын рәсімделген құжаттардың, ұлттық валютаның және бағалы қағаздардың заңдық күші сақталуы ұсынылды.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ресми рәміздерін, маңдайшаларын, көрсеткіштерін және өзге де атрибуттарын белгіленген мерзімге дейін қолдануға мүмкіндік беру көзделген.
Заң шығару палатасының мәліметінше, бұл тәсіл құжаттарды, бланкілерді, маңдайшаларды, көрсеткіштерді және басқа да материалдық тасымалдаушыларды бір мезетте ауыстыру қажеттілігін болдырмайды. Нәтижесінде мемлекеттік бюджеттен негізсіз шығындардың алдын алып, реформаны қаржылық тұрғыдан қолайлы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Парламент депутаттарының пікірінше, заң жобасының қабылдануы латын графикасындағы өзбек әліпбиі мен емле ережелерін одан әрі жетілдіруге, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және оны цифрландыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, әліпби реформасына қатысты заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылмады.
