Омбы зауытына жасалған шабуылдан соң. Павлодардағы МӨЗ ерекше бақылауға алынды

270
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xmvOnmaXwe7je8qTTOAFSobBviB2Wwk1ZHdAeBhG.jpg

Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымындағы стратегиялық нысандар, соның ішінде Павлодар мұнай-химия зауыты ерекше бақылауда. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мұнай өңдеу зауыттары мен жылу электр орталықтарын қоса алғанда, энергетикалық тізбектегі барлық нысан стратегиялық объектілерге жатады және тұрақты күзетпен қамтамасыз етілген. Қауіпсіздік шаралары бұл нысандарда бұрыннан тұрақты негізде жүзеге асырылып келеді. Соңғы оқиғаларды ескере отырып, бұл объектілер, ең алдымен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше бақылауға алынды», — деді вице-министр.

Сондай-ақ ол Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққылардың Қазақстанға мұнай өнімдерін жеткізуге ықтимал әсері туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, Ресейден негізінен дизель отыны мен авиациялық отын сатып алынған.

«Қазіргі таңда қажетті баланс қалыптастырылған. Сонымен қатар мұнай өнімдерін жеткізудің балама бағыттары бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз», — деді Тұтқышбаев.

Бұған дейін Энергетика министрлігі Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылдардың Қазақстанның бензинмен қамтылуына әсер етпейтінін хабарлаған болатын. Ведомство мәліметінше, отандық мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар жанармайдың шекара арқылы сыртқа шығарылуына жол бермеу үшін қосымша шектеулер енгізілген.

Comments