Көкшетауда Ұлттық домбыра күні думанды кешпен аталып өтті

122
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0dEf80WTLwYFTbGVAK634am6N63XKxLbbIJBS4Hw.jpg

Көкшетау қаласындағы жаңа жағалауда ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті. Аймақ тұрғындары мен қала қонақтары дәстүрлі өнер фестивалін тамашалап, көрмелерді аралап, қазақ музыкасының жауһарларына қанықты. Мереке аясында республикалық #DombyraKuni челленджі ұйымдастырылып, оған өңірдің танымал тұлғалары, мәдениет қайраткерлері, жастар мен тұрғындар белсенді қатысты.

Мерекелік шара мәдениет мекемелері әзірлеген тақырыптық көрмелер мен таныстырылым алаңдарының жұмысынан басталды. Келушілер қазақ халқының рухани мұрасы, ұлттық салт-дәстүрі мен күй өнерінің тарихымен танысты. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Көне домбыра» және «Музейге жәдігер сыйла» республикалық акциялары ұйымдастырылды.

Кештің басты оқиғасы – алғаш рет өткен «Көкше – өнер маржандары» дәстүрлі өнер фестивалі болды. Фестиваль сахнасында Қ. Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсетті. Бағдарламада Үкілі Ыбырайдың «Ер Көкше», Ақан серінің «Майда қоңыр» сынды әндері шырқалып, халық композиторларының күйлері орындалды.

Мерекелік жиында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев ақмолалықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыраның ұлт өміріндегі ерекше орнына тоқталды.

«Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың үні. Қасиетті Көкше – ән мен күйдің, сал-серілер дәстүрінің алтын бесігі. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары кезінде жас домбырашылардың өнеріне жоғары баға беруі – ұлттық өнеріміздің өміршеңдігінің айқын көрінісі. Сондықтан бұл асыл мұраны сақтап, жас ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді Досұлан Айтбаев.

Биылғы мерекенің тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік желілерде өткен республикалық #DombyraKuni челленджі болды. Игі бастамаға өңірдің танымал тұлғалары, мәдениет саласының өкілдері, шығармашылық ұжымдар, жас домбырашылар, студенттер мен тұрғындар белсенді атсалысты. Қатысушылар әлеуметтік желілерде домбырамен күй орындап, ұлттық әндерді шырқап, эстафетаны бір-біріне жолдап отырды. Челлендждің басты мақсаты – жастар арасында ұлттық өнерді дәріптеу, домбыраның мәртебесін арттыру және ұлттық мұраға деген құрметті нығайту.

Мерекелік кеште Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова да көпшілікті Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, ұлттық аспаптың қазақ руханиятындағы орны ерекше екенін атап өтті.

«Домбыра – халқымыздың қасиетті қазынасы, ұлт рухының мәңгілік символы. Оның қоңыр үнімен халқымыздың тарихы, қуанышы мен мұңы, арман-аңсары ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Бүгінде дәстүрлі ән мен күйге деген құрметтің артуы – ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Қасиетті қара домбыраның үні ешқашан үзілмей, жас ұрпақты елін, жерін, өнерін сүюге тәрбиелей берсін», – деді Бисара Мәкенова.

Мерекелік кеш мыңдаған көрерменнің қошеметіне бөленген гала-концертпен қорытындыланды. Көкшенің көркем жағалауында күмбірлеген күй мен әуелеген ән ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айғақтап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Ұлттық домбыра күні Ақмола өңірінде төл мәдениетті ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген тағылымды мереке ретінде есте қалды.

Comments
Other materials