Қазақстан Ресейге бензинді гуманитарлық көмек ретінде жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Саладағы төрт дереккөздің мәліметінше, биылғы шілде және тамыз айларында Ресейге жалпы көлемі шамамен 50 мың тонна АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин жөнелту мәселесі талқылануда. Бұл туралы The Moskow Times жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Олардың айтуынша, жанармай Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) мен «Конденсат» мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілуі жоспарланған.
Ресейдің Орталық өңіріндегі бірқатар ірі мұнай өңдеу зауыттарының ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) шабуылынан кейін тоқтап қалуы елде жанармай тапшылығын туғызды. Соның салдарынан ішкі нарықта жанармай бағасы өсіп, тапшылық күшейіп, жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды.
Жанармай тапшылығын азайту мақсатында Ресей ішкі нарыққа арналған бензин мен дизель отынының сапасына қойылатын талаптарды уақытша жеңілдетуге рұқсат берді. Сонымен қатар ел теңіз жолы арқылы бензин импорттауды жоспарлап отыр.
Бұған дейін дереккөздер Ресейдің маусым айында Қазақстаннан автомобиль бензинін импорттау мүмкіндігі жөнінде келіссөздер бастағанын хабарлаған болатын.
Алайда Қазақстан Энергетика министрлігі Reuters агенттігінің сауалына берген жазбаша жауабында Ресейдің мемлекеттік органдарынан мұнай өнімдерін гуманитарлық көмек ретінде беру туралы ресми өтініш түспегенін мәлімдеді.
Сонымен қатар министрлік «Конденсат» мұнай өңдеу зауытынан Ресейге бензин экспорттау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл зауыт ресейлік «Татнефть» компаниясы жеткізетін мұнайды өңдейді.
Министрліктің хабарлауынша, Ресейге бензин жеткізу туралы шешім ең алдымен Қазақстанның ішкі нарығының мұнай өнімдерімен қамтамасыз етілу деңгейіне байланысты болады. Егер экспорт жүзеге асырылса, бензин «Татнефть» жеткізген шикізаттан өндірілмек.
«Конденсат» мұнай өңдеу зауыты Reuters агенттігінің түсініктеме беру туралы сұрағына әзірге жауап бермеген.
Дереккөздердің айтуынша, Қазақстан бензинін Ресейге жеткізуге кедергі болып отырған негізгі мәселелердің бірі – ішкі нарықтағы жанармай теңгерімін сақтау және ресейлік сатып алушылармен есеп айырысу кезіндегі санкциялық тәуекелдер.
«Жалпы мәселе келісілгенімен, егжей-тегжейі әлі пысықталған жоқ. Келіссөздер жалғасып жатыр, санкциялық шектеулерге қатысты мәселелер бар», – деді жағдайдан хабардар дереккөздердің бірі.
Қазіргі таңда Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатыр. Соңғы уақытта Ресей мен оған тәуелді Орталық Азия елдеріндегі жанармай тапшылығы салдарынан Қазақстанда да тұтыну көлемі артқан. Сондықтан Ресейге экспорт ішкі нарықтағы отын теңгеріміне, әсіресе зауыттар жөндеуге тоқтайтын кезеңде, кері әсер етуі мүмкін.
«Ресей үшін 50 мың тонна – теңізге тамған тамшыдай ғана көлем. Ал біздің нарық үшін бұл тұтынудың өсуіне байланысты жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін», – деді сауда компанияларының бірінің өкілі.
Айта кетейік, Атырау мұнай өңдеу зауыты 26 маусым мен 20 шілде аралығында жоспарлы жөндеуге тоқтады. Ал Павлодар мұнай-химия зауыты 18 қыркүйек пен 20 қазан аралығында профилактикалық жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.
Қазақстанның төрт мұнай өңдеу зауыты 2025 жылы 5,975 млн тонна автомобиль бензинін, 6,159 млн тонна дизель отынын және 723 мың тонна авиациялық керосин өндірген.
Қазақстан мен Ресей жыл сайын индикативтік теңгерім аясында жалпы көлемі 1,12 млн тоннаға дейінгі мотор отыны мен мазутты бажсыз жеткізу квоталарын келісіп отырады.
I believe that systematic work will be established and those who encroach on budget funds will decrease"
