«Ақша аудардым». Сотта Бажкенова жаңа мәлімдеме жасап, жәбірленушілер қарсы өтінішхаттар берді

163
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/llEpLYtW7guhuVKqNummraeZGDcgAYOUsAtDjalk.jpg

Дәл қазір Алматыдағы Бостандық аудандық сотында журналист Гүлнәра Бажкеноваға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Айыптаушы прокурордан бұрын сөз алған адвокат Ольга Ким судьяға бірнеше өтінішхат жолдады. 

Сот отырысында тараптардың бірқатар процессуалдық мәлімдемелері көпшіліктің назарын аударды. Қорғаушысының өтінішхатын негіздеу барысында Бажкенова ақша аударымдарына қатысты түсініктеме беріп, қаражатты заңсыз иемденбегенін айтты. Оның сөзінше, аударылған қаражат қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге жұмсалған. 

Сондай-ақ Бажкенова қолма-қол ақшаны кейін банк картасына өзі енгізіп отырғанын айтты.

«Эскад» ЖШС-нің адвокаты өз кезегінде Бажкенова сотты жаңылыстырып отыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, сотталушының айтқанындай компанияның атына ешқандай сотқа дейінгі талап-арыз жолданбаған. Сондықтан оның бұл мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейді, деді қорғаушы. 

Бұдан кейін жәбірленушілердің адвокаттары Бажкенованың өтінішхатына жауап ретінде өздерінің бірнеше өтінішхатын ұсынды. Олар сотталушының келтірген уәждеріне қарсылық білдіріп, іс үшін маңызды деп санайтын мән-жайларды соттың назарға алуын сұраған. 

Осылайша, алғашқы сот отырысы тараптардың белсенді процессуалдық тартысымен басталды. Енді сот барлық ұсынылған өтінішхаттарға құқықтық баға беріп, тиісті шешім қабылдауы керек. 

Істі судья Элена Кван қарап жатыр. Қазір мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқып жатыр. 

Айта кетейік, Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің 189-бабы («Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету»), 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») және 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша айып тағылған. Ол 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бері үйқамақта отыр.

Comments