Бүгін, 2 шілде – Қазақстан халық жазушысы, ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың туған күні, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы, Төле би ауданындағы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітірген соң трактордың тіркеушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер, «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық «Жалын» журналының бас редакторы, т.б. қызметтер атқарған. КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР Халық депутаты болған.
Алғашқы өлеңдер жинағы 24 жасында жарық көрген. Оның «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралды.
Шаханов 1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған. 2003-2004 жылдары «Жалын» журналының бас редакторы, әлем ойшылдарының басын біріктіретін «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының президенті, 2004 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған. Көптеген өлең кітабы және халық арасына кең тараған бірқатар әннің авторы.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне тікелей қатысушы болмаса да, Мұхтар Шаханов оқиғаның шындығын ашуда басты рөл атқарды. 1989 жылы КСРО Халық депутаттарының I съезінде (Мәскеу) Желтоқсан оқиғасын алғаш рет одақтық деңгейде көтеріп, ресми «ұлтшылдық» деген бағаны жоққа шығарған еді. Оның бастамасымен Қазақстанда Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясы құрылып, Шаханов оның төрағасы болды. Комиссия құпия құжаттарды ашып, 8 мыңнан астам адамның ұсталғанын, 90-нан астамының сотталғанын дәлелдеді. Бұл Желтоқсан құрбандарының ақталуына негіз болды.
Айбынды ақын 20 сәуірге қараған түні 84 жасқа қараған шағында өмірден озған еді. Ұлт жанашыры туған жері Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесінің маңындағы ауылға жерленді.
