Ресей Үндістаннан теңіз арқылы бензин импорттай бастады

117
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GrzEPOu58n0BO8QNynbQ58wMTiDHaJkDdyboBvJm.jpg

Ресей Үндістаннан теңіз арқылы бензин импорттай бастады. Бұл туралы Reuters жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Агенттік мәліметінше, Үндістаннан кемінде 60 мың тонна бензин жөнелтілген. Дереккөздердің бірінің айтуынша, Ресейге әрқайсысы 30-40 мың тонна жанармай тасымалдайтын екі танкер бағытталған.

Алдағы уақытта Ресей әртүрлі елдерден ай сайын шамамен 400 мың тонна бензин импорттауды жоспарлап отырғаны да айтылды. Шетелдік БАҚ мәліметінше, Үндістаннан бөлек, жанармай жеткізуді Беларусь те жүзеге асырып жатыр.

Айта кетейік, Үндістанның өзі Ресей мұнайының ірі сатып алушысы саналады. Маусым айында үнді нарығына ресейлік мұнай импорты тәулігіне шамамен 2,7 миллион баррельге жетіп, елдің жалпы мұнай импортының жартысынан астамын құрады.

Жексенбі күні Ресей президенті Владимир Путин украиналық дрондардың мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдары кейбір өңірде отын тапшылығын туғызғанын айтып, мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізген.

Бұған дейін Кремль Ресейдің өзге мемлекеттермен байланыс орнатып, жанармай импорттау мәселесін талқылап жатқанын растаған болатын. Reuters агенттігі Ресейдің Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін жеткізуді сұрағанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ бүгін, 1 шілдеде Ресейден жанармайдың 90 пайыздан астамын импорттайтын Қырғызстанның Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан және басқа да елдермен жанар-жағармай жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Comments