Әлем көшбасшылары қалай демалады және Тоқаев күш-қуатын қалай қалпына келтіреді?

170
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1ec3ykdk2AeouOzDkDrBKZ2VTOQPRcRATYw9G4P9.webp

Жаз мезгілі көпшілік үшін демалыспен байланысты болғанымен, мемлекет басшылары үшін бұл кезең де қарбалас жұмыстың бір бөлігі болып қала береді. Олар мемлекеттік міндеттерін атқара отырып, тығыз жұмыс кестесінің арасында ғана аз уақыт тынығуға мүмкіндік табады.

Zakon.kz әлем көшбасшыларының қалай демалатынына, күш-қуатын қалай қалпына келтіретініне және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаз мезгілін қалай өткізетініне назар аударды.

Жылдың ең ыстық үш айы әдетте демалыс маусымы саналады. Бұл уақытта адамдар күнделікті тіршіліктің қарбаласынан бір сәтке алыстап, ортасын ауыстырып, отбасымен көбірек уақыт өткізуге, спортпен айналысуға, табиғат аясында тынығып, жаңа еңбек маусымына дейін күш жинауға тырысады.

Дегенмен мемлекет басшылары үшін ұзақ мерзімді, алаңсыз демалыс - сирек кездесетін жайт. Жаз айларында да олар халықаралық ахуалды жіті бақылап, маңызды кездесулер өткізіп, ел тағдырына қатысты шешімдер қабылдайды. Соған қарамастан олардың да жұмыс қарбаласынан бір сәтке болса да бой сергітіп, күш-қуатын қалпына келтіретін жеке уақыты болады. Әлем көшбасшыларының әрқайсысы өзін сергек ұстап, жұмысқа деген жігерін сақтауға көмектесетін өзіне тән тынығу тәсілдерін қалыптастырған.

АҚШ президенті Дональд Трамп гольф ойнағанды ұнатады. Ол үшін бұл тек спорт қана емес, бейресми кездесулер өткізетін қолайлы орта. Франция президенті Эммануэль Макрон спортпен айналысып, серуендеп, жазғы президенттік резиденциясы – Форт Брегансонда отбасымен уақыт өткізгенді жөн көреді.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди көп жылдан бері күнделікті өмір салтын йогамен байланыстырып келеді. Ресей президенті Владимир Путин көпшілікке табиғат аясындағы демалысымен, балық аулауымен және Сібірге сапарларымен танымал. Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпин жеке өмірін көпшілікке көрсете бермейді. Дегенмен оның бейнесі қатаң тәртіппен, кітап оқумен және күн тәртібін бұлжытпай сақтаумен астасады.

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаз мезгілін қалай өткізетіні де көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Көпшілік сияқты мемлекет басшысы жұмыстан толықтай қол үзіп, мемлекеттік мәселелерді кейінге ысырып, бірнеше аптасын тек демалысқа арнай алмайды. Жазда да оның жұмыс кестесі әдеттегідей қарбалас: өңірлерге сапарлар, кездесулер, жұмыс кеңестері мен маңызды іс-шаралар бір сәтке де тоқтамайды. Сондықтан Президент үшін күш-қуатты қалпына келтіру ұзақ уақытқа демалысқа шығумен өлшенбейді. Оның орнына табиғат аясында болып, күнделікті жұмыс ырғағын аз уақытқа болса да өзгерту немесе өзіне ұнайтын істерге көңіл бөлу арқылы сергіп, жаңа күш жинауға мүмкіндік алады.

Табиғат аясындағы тынығу және жұмыс ырғағын өзгерту

Мемлекет басшылары үшін демалыс әрдайым жұмыстан толық қол үзу дегенді білдірмейді. Көп жағдайда бұл – күнделікті жұмыс ырғағын өзгертіп, кабинеттен шығып, табиғат аясында болып, таза ауамен тыныстап, қозғалыс арқылы серпіліп, күш-қуат жинау.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың табиғатқа жақындығы оның өңірлерге жасаған жұмыс сапарларынан да аңғарылады. Президент ел аймақтарын жиі аралайды. Ал мүмкіндік туған сәтте Қазақстанның ең көрікті өңірлерінің бірі саналатын Бурабай мен Щучинск секілді көлдері, қалың орманы мен кең даласы үйлескен табиғаты ерекше аймақтарға барғанды құп көреді. Мұндай орындар оған жұмыс қарқынынан ұзап кетпей-ақ, қала тіршілігінен аз уақытқа болса да алыстап, сергіп қайтуға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда Президенттің Щучинскіге сапары да ерекше мәнге ие. Бұл өңір табиғатымен ғана емес, дамыған спорттық инфрақұрылымымен, сауықтыру орталықтарымен және жазғы демалыс орындарымен кеңінен танымал. Көлдері, қылқан жапырақты ормандары, таза ауасы мен тыныш табиғаты бұл аймақты күш-қуатты қалпына келтіруге қолайлы мекендердің біріне айналдырған.

Әрине, Президент үшін бұл ең алдымен жұмыс сапары болды. Оның аясында Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңістіктерді, спорт нысандарын, Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжді аралап, халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты.

Соған қарамастан Щучинск табиғаты Қазақстандағы жазғы тынығу мәдениетінің ерекшелігін де айқын көрсетеді. Бұл – табиғатпен үндесу, белсенді өмір салтын ұстану, спортпен айналысу және ашық кеңістікте серпін алу.

Мұндай тепе-теңдік мемлекет басшысы үшін аса маңызды. Өйткені Президенттің мемлекеттік істерден толықтай қол үзуі мүмкін емес. Сондықтан ортаны ауыстыру, табиғат аясында тынығып, ел азаматтарымен жүздесу - оның сергектігін сақтап, жаңа күш жинауына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.

Спорт және сергек өмір салты

Қазіргі заманғы көшбасшы жоғары жұмыс қарқынына төтеп бере алуы керек. Сондықтан жақсы физикалық дайындық, өзін-өзі тәртіпке бағындыру және кез келген жағдайда жинақылықты сақтай білу – тек жеке қасиет қана емес, заманауи көшбасшының маңызды сипатына айналды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмір салтында бұл ұстаным артық жариялылықтан емес, табиғи болмысынан көрінеді. Президент спортты көпшілікке көрсету құралы ретінде пайдаланбайды. Соған қарамастан оның дене шынықтыру мен салауатты өмір салтына ерекше көңіл бөлетіні жұмыс сапарларынан анық байқалады. Мәселен, Щучинскіге барған кезінде Мемлекет басшысы үстел теннисі, жүзу, жаттығу залдары және басқа да спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік беретін Burabay Arena спорт кешенінің жұмысымен танысты.

Бұл сапар спорт нысанын аралаумен ғана шектелген жоқ. Мұнда дене белсенділігі халықтың денсаулығын нығайту, тәртіпті қалыптастыру, белсенді өмір салтын дәріптеу және сапалы өмір сүру ортасын дамыту сияқты маңызды құндылықтармен ұштасады. Бұл бағыт Қазақстанда спортты тек жоғары жетістіктердің көрсеткіші ретінде емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі ретінде дамытуға негізделген мемлекеттік саясатпен де толық үндеседі.

Президенттің жеке бейнесі тұрғысынан да мұндай сәттердің өзіндік мәні бар. Оның көпшілік алдындағы жүріс-тұрысынан жинақылық, байыптылық пен сенімділік аңғарылады. Түрлі пікірлер мен болжамдарға қарамастан, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді аралап, халықпен кездесіп, жастар алдында сөз сөйлеп, белсенді жұмыс ырғағын сақтап келе жатқаны анық байқалады.

Жылқыға деген ерекше ықылас


Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпшілікке белгілі қызығушылықтарының бірі – жылқыға деген ерекше ықыласы. Қазақ халқы үшін тұлпар – еркіндіктің, тектіліктің және ұлттық дәстүрдің айрықша символы. Президенттің ат қорасында ахалтеке тұқымындағы Ақжан мен Ақниет, сондай-ақ Катар мемлекеті сыйға тартқан араб сәйгүліктері бапталады. Белгілі болғандай, Мемлекет басшысы кейде ат қораға арнайы барып, жылқыларды өз қолымен жемдеп тұрады.

Бұл – ресми іс-шараның немесе хаттаманың бір бөлігі емес, қарбалас жұмыс арасында аз уақытқа болса да тынығып, ой сергітудің өзіндік тәсілі. Жылқымен жұмыс істеу адамнан сабырлылықты, ұқыптылықты және төзімділікті талап етеді. Сондықтан бұл әуестік Президенттің байсалды болмысымен, ұстамды мінезімен және ұлттық құндылықтарға деген құрметімен табиғи үйлесім табады.

Жаз – жұмыстан қол үзу емес

Мемлекет басшысының тынығуы қарапайым адамдардың демалысынан өзгеше. Президент үшін телефонды сөндіріп, барлық кездесуді кейінге қалдырып немесе ақпараттық кеңістіктен толықтай алыстау мүмкін емес. Дегенмен бұл оның да күш-қуатын қалпына келтіруге мұқтаж еместігін білдірмейді. Тек жоғары лауазымды тұлғалардың демалысы өзіндік ерекшелігімен сипатталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев үшін табиғат аясында болу, спортпен айналысу, қалыпты өмір ырғағын сақтау, ұлттық дәстүрді дәріптеу және елмен етене байланыста жүру – сергектік пен күш-қуаттың маңызды көздерінің бірі. Мұнда артық әсірелеу де, жасандылық та жоқ. Керісінше, бұл өмір салты қарапайымдылығымен, ұстамдылығымен және қазақы болмысқа жақындығымен ерекшеленеді.

Осы тұрғыдан қарағанда Президенттің жазы – жұмыстан қол үзіп, қоғамнан оқшауланатын кезең емес. Бұл – мемлекеттік жауапкершілік пен күш-қуатты сақтаудың арасындағы үйлесімді таба білу. Мемлекет басшысы қоғамдық өмірдің бел ортасында қалып, өңірлерге сапарларын, халықпен кездесулерін жалғастырады. Сонымен бірге тынығудың міндетті түрде ұзақ демалыс немесе көпшілікке көрсетілетін ерекше оқиға болуы шарт емес екенін де көрсетеді.

Мұндай ұстаным қазіргі заманғы көшбасшының болмысына толық сай келеді. Себебі нағыз көшбасшы үшін демалысын жария ету емес, қандай жағдайда да сергек қалпын, айқын ойын, сабырлы мінезін және жоғары жұмыс қарқынын сақтай білу маңызды. Сондықтан мемлекет басшыларының қалай тынығатыны туралы сұрақтың жауабы да осыдан көрінеді: олар ел ісінен қол үзбей-ақ, өзіне қуат беретін дүниелер арқылы күш жинап, жұмыс ырғағын сақтайды.

Comments
Other materials