Аптап ыстыққа байланысты АЭС жұмысы тоқтатылды

253
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/e6CIjka64ZP0XwlgKZLstq2wLsPGbFwtK383ANWo.jpg

Францияда соңғы күндері орнаған аптап ыстық салдарынан «Гольфеш» атом электр станциясында электр энергиясын өндіру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

БАҚ хабарлауынша, станциядағы қуаты 1,3 гигаватт болатын екі реактордың бірі бұған дейін жоспарлы профилактикаға жабылған. Ал екінші реактор 23 маусымға қараған түні табиғи шектеулерге байланысты жұмысын тоқтатқан.

Мұндай шешімге Гаронна өзеніндегі су температурасының күрт көтерілуі себеп болған. АЭС реакторларын салқындату үшін пайдаланылатын өзен суының температурасы болжам бойынша 28 градус Цельсийден асуы мүмкін. Жергілікті экологиялық талаптарға сәйкес, салқындатудан кейін өзенге қайтарылатын судың температурасы осы көрсеткіштен жоғары болмауы тиіс.

Францияның мемлекеттік энергетикалық компаниясы бұған дейін-ақ ыстық ауа райына байланысты елдегі бірқатар атом электр станцияларында электр өндірісі төмендеуі мүмкін екенін ескерткен. Компанияның мәліметінше, қазіргі кезде ауа райының әсерінен энергия өндіру көлемі жыл сайын орта есеппен 0,3 пайызға азаяды. Алайда климаттың өзгеруіне байланысты бұл көрсеткіш алдағы жылдары ұлғаюы ықтимал.

Сонымен қатар Францияның ұлттық метеорологиялық қызметі елдің көптеген өңірінде ең жоғары – қызыл деңгейдегі ауа райы қаупін жариялады. Атап айтқанда, Парижде көлеңкедегі ауа температурасы 37,6 градусқа жетіп, 1947 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіштердің бірі тіркелді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, аптап ыстық салдарынан елде кемінде бес адам көз жұмған, оның ішінде екі бала бар. Сондай-ақ соңғы тәулікте су айдындарында 20-ға жуық адамның қаза тапқаны хабарланып отыр. Сарапшылар бұл оқиғаларды да экстремалды ыстықтың салдарымен байланыстырып отыр.

Comments