Жиі дауға ұшырайтын "Ұлы дала баласының" концерттері тоқтатылды

201
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8d58MIqynfzOJIlNB1xBHWvTbIxDTBTYxpTw3gNx.jpg

Белгілі қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің концерттік және гастрольдік қызметі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы продюсер Жан Мұқанов ресми мәлімдеп, арнайы шешім шыққанға дейін өнерпазтың сахнаға шықпайтынын хабарлады.

Продюсердің айтуынша, мұндай шешімге Павлодар қаласындағы ипподромның ресми ашылу салтанатында әншінің келісілген міндеттемелерін орындамауы себеп болған. Осы жағдайдан кейін Алматы қаласының күніне жоспарланған концерттер мен күзде өтуі тиіс халықаралық гастрольдік тур толықтай тоқтатылған. Бұдан былай Төреғали Төреәлі арнайы өкім шыққанға дейін концерттерге, жеке іс-шараларға және өзге де алаңдарда өнер көрсетпейді.

Сонымен қатар, продюсер Павлодар облысы мен қаласының әкімдігіне, Мәдениет басқармасына, ұйымдастырушыларға және көрермендерге туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұрап, келтірілген шығындарды өтеу жұмыстары басталғанын жеткізді.

Мәлімдемеде «Төреғали Төреәлі» брендін пайдалану құқығы да сөз болды. Келісімшарт талаптарына сәйкес, аталған брендке қатысты құқықтар әзірге продюсерлік орталықтың бақылауында қалады. Жоспарланған іс-шаралар бойынша барлық міндеттемелер толық орындалмайынша, бұл құқықтарды әншіге қайтару мәселесі қаралмайды.

Сондай-ақ Жан Мұқанов Шымкент қаласында өткен концерттің продюсерлік орталықпен келісілмегенін және рұқсатсыз ұйымдастырылғанын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Төреғали Төреәлі Алматыдағы Орталық стадионда өткен «Қайрат» пен «Қызылжар» футбол клубтарының матчы кезінде көрсеткен әрекеті үшін де қоғамның қызу талқысына түскен еді.

Comments