«Инфляцияның басты себебі – импортқа тәуелділік». Шығатын жол қайсы?

205
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Zmfz2YFvjoa3NXmGM3KJneKyvD1A1a983EAw1gpk.png

Елдегі қаржылық-экономикалық көрсеткіштер, ақша-несие саясаты, ұлттық валютаны нығайту, ел бюджетін еселеу мәселелері өте маңызды. Қоғам мен қаржы қатынасы, ел нені ескеруі керек, ел басшылығы неге назар аудары керек?

«Өткен жылы негізгі экономикалық сын-қатеринфляция болды. Биыл біз инфляцияны 9-11 пайыз аралығында болжап отырмыз. Осыған байланысты біз 5 маусымда базалық мөлшерлемені 18-ден 17 пайызға дейін төмендеттік. Дегенмен, инфляция әлі де екі таңбалы болғандықтан инфляциялық жағдай толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте. Негізгі қауіп — геосаяси тұрақсыздық пен азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі. Ішкі тәуекел факторларытұрғын-үй коммуналдық қызметтер тарифтері мен жанар-жағармай реформасының қайта басталуы және монетарлық базаның өсуі. Инфляцияны тұрақтандырудың маңызды факторы — фискалдық консолидация. Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді 2,8 трлн теңгеге дейін шектеумаңызды дезинфляциялық фактор»

Бұл – Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің пайымы. Ол 18 маусымда Сенаттың жалпы отырысында Үкіметтің өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында осы туралы айтты.

Осы мәселелерге қатысты қаржы сарапшысы Бексұлтан Ысқақовпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Ұлттық валюта кейінгі кездері құлдыраудан көз ашпай келеді. Неліктен?

Ұлттық валютаның әлсіреуі  кездейсоқ құбылыс емес. Бұл Қазақстан экономикасында жылдар бойы қордаланған құрылымдық мәселелердің көрінісі. Алдымен, әлсіреудің негізгі себептерін дұрыс анықтап алуымыз қажет.

Біріншіден, мұнайға тәуелділік – басты себептердің бірі. Қазақстан бюджеті кірістерінің шамамен 40–50%-ы мұнай-газ секторынан түседі. Сондықтан әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендеген сайын елге түсетін экспорттық валюталық түсім де азаяды. Соның салдарынан ішкі валюта нарығындағы доллар ұсынысы қысқарып, теңгеге қысым күшейеді. Бұл – Ұлттық банк валюта интервенциялары арқылы толық шеше алмайтын іргелі мәселе.

Екіншіден, Ресей рублінің бағамы да теңгеге тікелей әсер етеді. Бұл көп жағдайда қоғам назарынан тыс қалып жатады. Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Рубль әлсіреген кезде ресейлік тауарлар арзандай түседі. Нәтижесінде Қазақстанға импорт көлемі артып, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеті төмендейді. Мұндай жағдайда сауда теңгерімін сақтау үшін теңгенің де әлсіреуіне экономикалық қысым пайда болады. Әсіресе, 2022 жылдан кейін бұл үрдіс айқын байқалды.

Үшіншіден, сыртқы сауда құрылымындағы теңгерімсіздік сақталып отыр. Қазақстан негізінен мұнай, металл және астық сияқты шикізатты экспорттайды. Ал дайын өнімдерді, техника мен жабдықтарды, электрониканы сырттан импорттайды. Бұл шетел валютасына деген тұрақты сұранысты қалыптастырады. Біз өзіміз тұтынатын өнімдерді жеткілікті көлемде өндірмейінше, теңгеге түсетін қысым да сақтала береді.

Төртіншіден, жоғары инфляция ұлттық валютаға деген сенімді әлсіретеді. Егер халық теңгенің сатып алу қабілеті доллармен салыстырғанда тезірек төмендеп жатқанын байқаса, жинағын шетел валютасында сақтауға ұмтылады. Сондықтан депозиттердің долларлану деңгейінің жоғары болуы – халықтың әдеті емес, макроэкономикалық тұрақсыздыққа берілген табиғи нарықтық реакция.

Бесіншіден, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты күрделі таңдау алдында тұр. Егер базалық мөлшерлеме көтерілсе, инфляция тежеліп, теңге белгілі бір деңгейде қолдау табады. Бірақ сонымен бірге несие беру көлемі қысқарып, экономикалық өсім баяулауы мүмкін. Ал мөлшерлемені төмендету экономикалық белсенділікті ынталандырғанымен, инфляцияның күшеюіне және ұлттық валютаның әлсіреуіне әкелуі ықтимал. Соңғы жылдары Ұлттық банк негізінен жауапты саясат жүргізіп келеді. Дегенмен, егер бюджет саясаты оған қарама-қарсы бағытта жұмыс істесе, реттеушінің мүмкіндігі шектеулі болады.

Алтыншыдан, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің шамадан тыс көлемі де теңгеге қысым түсіреді. Ұлттық қор бастапқыда мұнай кірістерін жинақтап, экономиканы сыртқы күйзелістерден қорғауға арналған болатын. Алайда жыл сайын бюджетке триллиондаған теңге көлемінде кепілдендірілген және нысаналы трансферттердің бөлінуі экономикадағы ақша массасының ұлғаюына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде инфляциялық қысымды күшейтіп, ұлттық валютаның әлсіреуіне әсер етеді. Қазіргі таңда бюджет шығыстарының елеулі бөлігі Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылып отыр. Ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылық тұрғысынан бұл тиімді тәжірибе емес.

Жетіншіден, инвестициялық ахуал мен инвесторлардың сенімі де шешуші факторлардың бірі. Тікелей шетелдік инвестициялар – елге шетел валютасының келуін қамтамасыз ететін негізгі көздердің бірі. Егер инвесторлар құқықтық тұрақсыздыққа, сыбайлас жемқорлыққа немесе реттеуші саясаттың болжап болмайтын сипатына байланысты Қазақстан нарығына келмесе немесе капиталын сыртқа шығарса, валюта нарығындағы доллар ұсынысы азаяды. Ал капиталдың сыртқа кетуі теңге бағамына қосымша қысым.

Теңгенің ұзақ мерзімді тұрақтылығы ең алдымен Қазақстан экономикасының нақты әлеуетіне байланысты. Ел экономикасы тұтынғанынан көп өндіріп, шикізат емес, қосылған құны жоғары өнімдерді көбірек экспорттап, ал мемлекет мұнайдан тыс кірістерінің мүмкіндігі шегінде ғана шығындалған жағдайда ұлттық валюта да тұрақты болады.

Ал қалған шаралардың басым бөлігі теңгенің әлсіреу себептерін емес, оның салдарын уақытша жеңілдетуге бағытталған. Әрине, қысқа мерзімді тұрақтандыру шаралары валюта нарығындағы дүрбелеңнің алдын алу үшін қажет. Бірақ теңгенің шынайы әрі тұрақты нығаюы айырбас бағамын әкімшілік жолмен реттеуге емес, ең алдымен экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңғыртуға, өндірісті әртараптандыруға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға байланысты.

ТЕҢГЕНІҢ ТЕГЕУРІНІ ЖОҚ

Теңгені қалай нығайтамыз?

Инфляция туралы сұрағанда мен үнемі бір нәрсені қозғаған жөн деп есептеймін. Қазақстандағы инфляцияның бір ғана себебі жоқ. Бұл – бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше фактордың жиынтығы. Сол себепті мәселені тек бір құралмен шешу мүмкін емес.

Ең басты себеп – импортқа тәуелділік. Бүгінде Қазақстан тұтынатын көптеген тауарды шетелден әкеледі. Азық-түлік, тұрмыстық техника, киім-кешек, дәрі-дәрмек, автокөлік – мұның басым бөлігі импортқа тәуелді. Сарапшылардың бағалауынша, бөлшек саудадағы импорттық тауарлардың үлесі 40–50 пайыздан асады. Бұл нені білдіреді? Егер теңге әлсіресе, сырттан келетін тауарлардың өзіндік құны бірден қымбаттайды. Соның салдарынан дүкен сөрелеріндегі баға да өседі. Банктегі тәжірибемде мұны күн сайын көремін. Мысалы, азаматтар тоңазытқыш немесе автокөлік сатып алу үшін несие рәсімдейді. Бірақ олар сатып алып жатқан тауардың бағасына валюта бағамының өзгеру қаупі әлдеқашан қосылып қойған болады.

Тағы бір себеп – ішкі нарықтағы бәсекенің жеткіліксіздігі. Жанармай, құрылыс материалдары немесе азық-түлік сияқты бірқатар нарықтарда ірі компаниялардың ықпалы жоғары. Бәсекелестік әлсіз болғандықтан, кей жағдайда кәсіпкерлер бағаны тек шығын өскен кезде ғана емес, болашақтағы тәуекелдерді алдын ала ескеріп те көтереді. Сондықтан мұндай жағдайда инфляциямен тек Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін өзгерту арқылы күресу жеткіліксіз.

Халық, қоғам да инфляцияның өсуіне таңырқамайтын болған. Қазақстандықтар бағаның жыл сайын өсетініне үйреніп кеткен. Соның әсерінен кәсіпкерлер болашақтағы қымбаттауды бүгінгі бағаға енгізсе, тұтынушылар «ертең тағы қымбаттайды» деген оймен тауарды қазір сатып алуға тырысады. Бұл өз кезегінде сұранысты арттырып, бағаның одан әрі өсуіне ықпал етеді

Банк саласында жұмыс істейтін маман ретінде мұны да жиі байқаймын. Мысалы, теңгенің әлсіреуі мүмкін деген әңгіме күшейген кезде халық ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарларды сатып алу үшін тұтынушылық несие рәсімдеуге белсенді кіріседі. Бұл да инфляциялық қысымды күшейтеді.

Мемлекет бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтергенде, Ұлттық қордан қосымша трансферттер бөлгенде немесе ауқымды субсидиялар бергенде экономикаға көп көлемде ақша түседі. Егер осы уақытта өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі дәл сондай қарқынмен өспесе, бағаның көтерілуі заңды құбылыс. Экономикада бұл «сұраныс инфляциясы» деп аталады.

ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСКЕ ДЕМ БЕРМЕЙ ИНФЛЯЦИЯ ОҢАЛМАЙДЫ

Инфляция неге тежелмей келеді?

Қысқа мерзімде Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстауы, монополиялық баға белгілеуге бақылауды күшейтуі және қажет болған жағдайда валюта нарығын тұрақтандыру шараларын қабылдауы маңызды. Бірақ мұндай саясаттың да өз құны бар. Өйткені жоғары пайыздық мөлшерлемелер кәсіпкерлер үшін несиені қымбаттатып, бизнестің дамуын тежейді.

Орта мерзімді кезеңде елімізде ішкі өндірісті дамытуға басымдық берілуі қажет. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын шығару және жеңіл өнеркәсіпті дамыту маңызды. Ол үшін тек «экономиканы әртараптандыру қажет» деп айтумен шектелмей, нақты қолдау тетіктерін іске қосу керек. Мәселен, өндіріс орындарына қолжетімді қаржыландыру ұсыну, өңдеуші кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер беру және мемлекеттік сатып алуларда отандық өнімнің үлесін арттыру сияқты шаралар тиімді нәтиже береді.

Ал ұзақ мерзімді кезеңде еңбек өнімділігін арттыру және ішкі нарықтағы шынайы бәсекелестікті қалыптастыру шешуші рөл атқарады. Нарықта әділ бәсеке күшеймейінше және өндіріс тиімділігі артпайынша, инфляция халық табысынан жылдам өсіп отырады.

Қазақстандағы инфляция тек ақша-несие саясатының мәселесі емес. Бұл – импортқа тәуелділік, ішкі нарықтағы бәсекенің әлсіздігі және экономиканың құрылымдық ерекшеліктерінен туындайтын кешенді мәселе. Ұлттық банк инфляцияның қарқынын бәсеңдете алады, бірақ оның негізгі себептерін жою үшін экономиканың нақты секторында жүйелі реформалар жүргізілуі қажет.

ТЕҢГЕРІМ САҚТАЛМАҒАН СОҢ ТАПҚАНЫҢ КӨК ТИЫН

Айлық-жалақы өссе, азық-түлік, көлік, баспана бағасы шарықтай түседі. Не үшін теңгерім сақталмайды?

Бұл – маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Өзім банк саласында жұмыс жасағандықтан банк клиенттерімен сөйлескенде немесе таныстарымнан осы мәселе жайлы жиі естимін. Көпшілік бағаның өсуін сатушылардың ашкөздігімен байланыстырады. Бірақ мәселенің түп-төркіні бұдан әлдеқайда терең. Бұл – Қазақстан экономикасының құрылымдық ерекшеліктерінен туындайтын құбылыс.

Мұның механизмі қарапайым. Мемлекет мұғалімдердің, дәрігерлердің, полиция қызметкерлерінің және басқа да бюджеттік сала мамандарының жалақысын көтереді. Соның нәтижесінде халықтың қолындағы ақша көбейеді. Ақшасы көбейген адамдар көбірек сауда жасайды, баспана, көлік немесе тұрмыстық техника алуға ұмтылады. Яғни сұраныс артады. Ал сұраныс артқан кезде соған сай тауар мен қызмет көлемі көбеймесе, баға өсе бастайды. Өйткені жаңа зауыт салу, өндірісті кеңейту немесе қызмет көрсету көлемін ұлғайту үшін уақыт, инвестиция және инфрақұрылым қажет. Ал халықтың қолына ақша бүгін түседі. Сондықтан кәсіпкерлер көбейген сұранысқа ең алдымен бағаны көтеру арқылы жауап береді. Себебі біздің экономика әлі де өндірістен гөрі импортқа көбірек сүйенеді. Көптеген тұтыну тауарлары шетелден келеді. Егер сұраныс күрт өссе, оны отандық өндіріс толық қамтамасыз ете алмайды. Соның салдарынан не импорт көбейеді, не баға өседі. Екі жағдайда да қарапайым тұтынушы шығынға ұшырайды.

Тағы бір маңызды жайт бар. Мемлекеттік сектордағы жалақы өскен кезде жеке компаниялар да білікті мамандарын ұстап қалу үшін еңбекақыны көтеруге мәжбүр болады. Бұл бизнестің шығынын арттырады. Ал кәсіпкерлер көбіне осы қосымша шығынды тауар мен қызметтің бағасына қосады. Нәтижесінде баға тағы да өседі. Әдетте бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілгеннен кейін ипотека мен автонесиеге сұраныс артады. Ал тұрғын үй нарығы мұндай өзгеріске өте тез жауап береді. Көп жағдайда бірнеше айдың ішінде баспана бағасының өсе бастағанын көруге болады.

Жалақының өсуі еңбек өнімділігінің артуымен қатар жүруі керек. Яғни адамның табысы оның өндірген өнімі немесе қоғамға әкелген нақты нәтижесіне сәйкес өскені дұрыс. Сонда экономикада қосымша құн пайда болып, инфляциялық қысым азаяды. Ішкі нарықтағы бәсекелестікті күшейту қажет. Егер бір салада кәсіпкерлер көп болса, олардың ешқайсысы бағаны негізсіз көтере алмайды. Өйткені тұтынушы бірден басқа сатушыға кетеді. Сондықтан әділ бәсекелестік – бағаны тұрақтандыратын ең тиімді нарықтық құралдардың бірі. Елімізде ең қажетті тауарлардың өндірісін көбейту маңызды. Азық-түлік, құрылыс материалдары, тұрмыстық химия сияқты күнделікті сұранысқа ие өнімдерді өзімізде көптеп өндірсек, сыртқы нарыққа тәуелділік азайып, бағаны тұрақты ұстауға мүмкіндік туады.Нарықтық қағидаларға сәйкес келмейтін жаппай субсидиялау саясатын біртіндеп қайта қарау қажет. Мысалы, жанармайды, ипотеканы немесе коммуналдық қызметтерді ұзақ уақыт бойы нарықтық бағадан төмен деңгейде ұстап тұру уақытша жеңілдік бергенімен, кейін бюджетке қосымша салмақ түсіріп, нарықтағы тепе-теңдікті бұзады. Соның салдарынан тапшылық немесе кейінгі кезеңде бағаның күрт өсуі сияқты мәселелер туындауы мүмкін.

Егер экономика халықтың сұранысын толық қамтамасыз ететіндей көлемде тауар мен қызмет өндіре алмаса, жалақы өскен сайын баға да қатар өседі. Сондықтан бұл мәселені тек жалақыны көтеру немесе ақша-несие саясаты арқылы шешу мүмкін емес. Ең бастысы – өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және нарықтағы әділ бәсекелестікті күшейту. Сонда ғана халықтың табысы нақты өсіп, баға тұрақтылығы сақталады.

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ МЕМЛЕКЕТТҰРАҚТЫЛЫҒЫМЕН БІРДЕЙ

Қаржылық сауаттылықты қалай арттыруға болады?

Қаржылық сауаттылық – әр адамның ғана емес, тұтас ел экономикасының тұрақты дамуына әсер ететін маңызды фактор. Қаржысын дұрыс басқара алатын қоғам экономикалық дағдарыстарға да төзімді келеді. Ал азаматтар артық қарызға батпай, болашағын сенімді жоспарлай алады.

Өкінішке қарай, елімізде қаржылық сауаттылық деңгейі әлі де жеткілікті емес. Көптеген азаматтар несие аларда оның нақты құнын, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің не екенін немесе қарыз жүктемесінің өз табысына қаншалықты әсер ететінін толық түсіне бермейді. Кейбірі бұрынғы несиесін жабу үшін қайтадан қарыз алуға мәжбүр болады. Ал енді біреулері жинаған қаражатын инфляциядан қорғай алмайды, немесе жоғары табысқа қызығып, күмәнді қаржылық жобалар мен алаяқтық схемалардың құрбаны болып жатады.

Мұндай жағдайдың басты себебі – қаржылық білімнің жүйелі түрде оқытылмауы. Мектепте де, жоғары оқу орындарында да жеке қаржыны басқару, бюджет жоспарлау, жинақ жасау немесе инвестициялау туралы практикалық білім жеткілікті деңгейде берілмейді. Соның салдарынан көптеген жастар еңбек жолын бастаған кезде қаржылық шешімдерді өз бетінше қабылдауға дайын болмай шығады.

Сондықтан ең алдымен қаржылық сауаттылықты мектеп бағдарламасының міндетті бөлігіне айналдыру қажет деп есептеймін. Бірақ бұл құрғақ теория емес, өмірде қолданылатын нақты білім болуы керек. Мысалы, жеке және отбасы бюджетін жоспарлау, несие мен депозиттің ерекшеліктері, инфляцияның әсері, инвестицияның негізгі қағидалары, зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтіні сияқты тақырыптар мектеп қабырғасынан бастап оқытылуы тиіс.

Мемлекет, қаржы ұйымдары және бұқаралық ақпарат құралдары халыққа түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуі қажет. Қазіргі цифрлық дәуірде адамдар ақпаратты көбіне әлеуметтік желіден алады. Сондықтан сапалы әрі түсінікті қаржылық контенттің көбейгені өте маңызды. Бұл жалған инвестициялық ұсыныстар мен қаржылық алаяқтықтың алдын алуға да көмектеседі.

Әр азамат өз қаржылық мәдениетін қалыптастыруға жауапкершілікпен қарауы керек. Ол үшін ең қарапайым әдеттерден бастаған жөн. Мысалы, бір ай бойы барлық кіріс пен шығысты есепке алып көрудің өзі артық шығындардың қайда кетіп жатқанын көрсетеді. Тәжірибе көрсеткендей, көптеген адамдар шығындарының едәуір бөлігін аса қажет емес дүниелерге жұмсайтынын кейін барып байқайды. Әр отбасының кем дегенде 3–6 айлық шығынын жаба алатын қаржылық резерві болғаны дұрыс. Бұл – артықшылық емес, күтпеген жағдайларда отбасының қаржылық тұрақтылығын сақтайтын қор. Халықтың инвестициялық мәдениетін де біртіндеп дамыту қажет. Азаматтар тек ақша табуды ғана емес, оны сақтап, көбейтудің заңды әрі қауіпсіз жолдарын да меңгеруі керек. Әрине, кез келген инвестиция тәуекелмен байланысты. Сондықтан қандай да бір қаржы құралына қаражат салмас бұрын оның тәуекелін, табыстылығын және жұмыс істеу қағидаларын толық түсіну маңызды.

Жалпы, қаржылық сауаттылық – тек жеке адамның мәселесі емес, ол мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Қаржылық сауатты қоғам жинақтауға бейім болады, артық қарыз алмайды, инвестиция жасауды үйренеді және экономикалық күйзелістерге әлдеқайда төзімді келеді. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру бір реттік акциямен емес, білім беру жүйесі, мемлекеттік саясат және қоғамның ортақ жауапкершілігі арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс.

АКЦИЯ МЕН ОБЛИГАЦИЯ АШЫҚ,ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ҚАЖЕТ

Біз қаншалықты акция мен облигацияны үйрендік деп ойлайсыз?

Бұл жерде мәселе халықтың менталитетінде емес. Негізгі мәселеқаржы нарығының даму деңгейі, халықтың қаржы институттарына деген сеніміжәне инвестициялық мәдениеттің әлі толыққалыптаспауында.

Қазақстандықтардың инвестицияға сақтықпенқарауына тарихи тәжірибе әсер етті. Көптегеназаматтар тоқсаныншы жылдардағы қаржыпирамидаларын, банктердің жабылуын, бірнешерет болған теңге девальвациясын ұмытқан жоқ. Сондықтан олар үшін ақшаны үйде немесе шетелвалютасында сақтау акцияларға инвестиция салғаннан қауіпсіздеу

Қазақстанда инвестиция жасауға мүмкіндік бар, бірақ қарапайым азамат үшін таңдау көп емес. Инвестициялауға болатын компаниялардың саны шектеулі, ал халық күнделікті тұтынатын ірі жекекомпаниялардың акциялары қор биржасындажеткілікті деңгейде ұсынылмаған. Сондықтанадамдардың қызығушылығы да төмен.

Инвестицияны ынталандыратын мемлекеттікқолдау тетіктерінің жеткіліксіздігі бар. Дамығанелдерде ұзақ мерзімді инвестиция жасайтыназаматтарға салықтық жеңілдіктер беріледі. Бұладамдарды ақшасын тұтынуға емес, инвестициялауға ынталандырады. Қазақстанда да осындай тетіктерді кезең-кезеңімен енгізу қажетдеп есептеймін.

Инвестиция салатын азаматтарға салықтықынталандыру тетіктерін енгізу маңызды. Егеразамат белгілі бір мерзімге акцияларға немесеоблигацияларға қаржы салса, оның инвестициялық табысына жеңілдіктер қарастырылса, халықтың қызығушылығы айтарлықтай артар еді. Инвестиция жасау процесін барынша жеңілдету қажет. Қазіргі заманда барлық қаржылық қызмет цифрлық форматқа көшіп жатыр. Сондықтан брокерлік шот ашу, бағалы қағаздарды сатып алу немесе инвестициялық портфельді басқару қарапайым әрі қолжетімді болуы тиіс. Еліміздегі ірі әрі табысты жеке компаниялардың қор биржасына шығуына жағдай жасау қажет. Адамдар өздері күнделікті пайдаланатын немесе жақсы білетін компаниялардың акцияларын сатып алуға көбірек қызығады. Бұл қор нарығының белсенділігін де арттырады. Инвестициялық сауаттылықты мектептен бастап оқыту маңызды. Жастар ақша табуды ғана емес, оны сақтауды, көбейтуді және тәуекелді дұрыс бағалауды да үйренуі керек. Арнайы оқу платформалары арқылы азаматтарға нақты ақша салмай-ақ инвестиция жасап көруге мүмкіндік берілсе, олардың тәжірибесі мен сенімі арта түсер еді. Кейінгі жылдары елімізде кейбір ұлттық компаниялардың акциялары халыққа ұсынылған кезде азаматтардың қызығушылығы жоғары болғанын көрдік. Бұл қазақстандықтардың инвестиция жасауға дайын екенін көрсетеді. Ең бастысы – оларға түсінікті, қауіпсіз және қолжетімді құралдар ұсыну.

Инвестициялық мәдениет өздігінен қалыптаспайды. Ол халықтың қаржы нарығына деген сенімімен, қолжетімді инвестициялық құралдармен, мемлекеттік ынталандыру шараларымен және қаржылық біліммен бірге дамиды. Қазақстанның мұндай мәдениетті қалыптастыруға әлеуеті жеткілікті. Бірақ бұл үшін мемлекет, қаржы нарығының қатысушылары және білім беру жүйесі бірнеше жыл бойы жүйелі әрі бірізді жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана инвестиция жасау халықтың аз ғана бөлігінің емес, көпшіліктің қалыпты қаржылық әдетіне айналады.

ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫ АРТПАСА БӘРІ БЕКЕР

Халықтың қаржылық жүктемесін азайтудың жолдары бар ма?

Бұл жерде мәселені ашық айтқан дұрыс. Өйткені бүгінгі таңда орташа табысы бар қазақстандыққа қаржылық жүктеме бірнеше бағыттан қатар түсіп отыр: баспана мәселесі, коммуналдық тарифтердің өсуі, зейнетақы жинақтарының қолжетімділігі.

Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін үй сатып алуға, ипотеканы өтеуге немесе емделуге пайдалану мүмкіндігінің шектелуі – инфляцияны тежеуге бағытталған құралдардың бірі. Себебі экономикаға көп көлемде қосымша ақша бір мезетте түссе, ол сұранысты арттырып, бағаның өсуіне әсер етеді.

Бірақ бұл тетік алғаш енгізілген кезде күткен нәтижесін толық бере алмады. Керісінше, тұрғын үйге деген сұранысты күрт өсіріп, баспана бағасының шарықтауына және экономикадағы артық ақша массасының көбеюіне ықпал етті. Соның салдарынан инфляциялық қысым күшейді.

Бұл мүмкіндікті зейнетақы қорында жеткіліктілік шегінен асқан қаражаты бар азаматтар ғана пайдаланды. Ал миллиондаған қарапайым қазақстандықтардың жинағы белгіленген шекке жетпегендіктен, бұл бағдарламаның игілігін көре алмады. Сондықтан қоғамда әділеттілік мәселесі де көтерілді.

Дегенмен, мемлекеттің бүгінгі шектеулер енгізуінің де өзіндік негізі бар. Егер зейнетақы қаражатын жаппай шешіп алу қайта басталса, болашақта көптеген азаматтың зейнетақысы жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан мұнда белгілі бір тепе-теңдік қажет.

Біздіңше, негізгі мәселе қаражатты алуға тыйым салуда емес, азаматтардың зейнетақы жүйесіне деген сенімінде. Өйткені кейбір жылдары зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы инфляциядан төмен болды. Яғни адамдардың жинағының сатып алу қабілеті төмендеді. Сондықтан басты міндет – зейнетақы активтерін тиімді басқару, инвестициялық портфельді әртараптандыру және бәсекелестікті күшейту арқылы салымшылардың нақты табысын арттыру.

«Отбасы банкіндегі» 8,5 пайыздық аралық қарыз мөлшерлемесі – қазіргі жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында мемлекет тарапынан беріліп отырған маңызды қолдау. Бірақ мұндай жеңілдік барлық азаматқа бірдей қолжетімді емес.

Нәтижесінде жеңілдетілген несиені күткен адамдардың саны артып, тұрғын үйге деген сұраныс жоғары болып қала береді. Бұл өз кезегінде баспана бағасының өсуіне әсер етеді. Яғни мемлекет берген субсидияның бір бөлігі нарықтағы бағаның қымбаттауымен қайта «жойылып» кетеді.

Сондықтан ұзақ мерзімді шешім тек жеңілдетілген ипотекамен шектелмеуі керек. Мемлекет жалдамалы тұрғын үй қорын көбейтіп, халыққа қолжетімді баспананың басқа да тетіктерін дамытуы қажет. Сонда сатып алу нарығына түсетін қысым да азаяды.

Коммуналдық тарифтерді ұзақ уақыт экономикалық негізделген деңгейден төмен ұстап тұру инфрақұрылымның тозуына алып келеді. Бүгін біз жылу желілерінің ескіруін, электр желілеріндегі ақауларды көріп отырмыз. Сондықтан тарифтерді мүлде көтермеу ұзақ мерзімде дұрыс шешім емес.Бірақ екінші жағынан тарифтердің күрт қымбаттауы халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына ауыр салмақ түсіреді.

Сондықтан ең тиімді жол – барлық адамға бірдей жеңілдік беру емес, нақты мұқтаж азаматтарға атаулы қолдау көрсету. Табысы жоғары отбасы мен аз қамтылған отбасы коммуналдық төлем бойынша бірдей мемлекеттік қолдау алмауы тиіс. Бұл – әлемнің көптеген елінде қолданылып жүрген тиімді тәжірибе.

Халықтың қаржылық жүктемесін азайтудың ең дұрыс жолы – барлығына бірдей субсидия тарату емес, нақты мұқтаж азаматтарға атаулы көмек көрсету, экономиканы тұрақтандыру және халықтың нақты табысын арттыру. Сонда ғана мемлекет те өз ресурстарын тиімді пайдаланады, ал азаматтардың әл-ауқаты ұзақ мерзімде жақсарады. 

ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІН АРТТЫРУ

– Әлеуметтік желілерде еңбек дауы, иммигранттардың көбеюі ұдайы мәселе болып көтеріледі. Сіздің ойыңызша бұны қалай реттесек болады?

Бұл тақырып қоғамда жиі талқыланады. Әсіресе әлеуметтік желілерде эмоцияға құрылған пікірлер көп айтылады. Бірақ бұл мәселеге нақты экономикалық тұрғыдан қараған жөн.

Қазақстан бүгінде еңбек мигранттары келетін елдердің біріне айналды. Негізінен көрші Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары жұмыс іздеп келеді. Оның басты себебі – Қазақстандағы жалақы деңгейі мен өмір сүру сапасының көрші елдермен салыстырғанда жоғары болуы.

Сарапшылардың бағалауынша, елімізде бірнеше жүз мың еңбек мигранты бар. Олардың едәуір бөлігі ресми тіркелмей, заңсыз жұмыс істейді.

Еңбек мигранттары құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету сияқты салаларда жұмыс күші жетіспейтін орынды толтырады. Кей жағдайда қазақстандықтар бұл жұмыстарға барғысы келмейді немесе жұмысшы саны жеткіліксіз болады. Сондықтан мигранттардың еңбегі кәсіпкерлердің шығынын азайтып, тауарлар мен қызметтердің бағасының шамадан тыс қымбаттап кетуіне белгілі бір деңгейде тосқауыл болады.

Заңсыз еңбек миграциясы бірқатар мәселетуғызады. Олар салық төлемейді. Еңбек нарығында жалақыны төмендететін әділетсіз бәсекелестік қалыптастырады, әлеуметтік шиеленісті күшейтеді. Оның үстіне, заңсыз жұмыс істейтін мигранттардың өздерінің де еңбек құқықтары қорғалмайды.

Тағы бір маңызды мәселе – еңбек даулары. Өкінішке қарай, бізде қызметкерлердің құқығын қорғайтын кәсіподақтардың ықпалы әлсіз, ал еңбек инспекцияларының жұмысы әрдайым тиімді бола бермейді. Соның салдарынан, әсіресе шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін азаматтардың құқықтары кейде толық қорғалмай қалады.

Ең алдымен, еңбек миграциясын тыйым салу арқылы емес, тиімді басқару арқылы реттеу қажет. Ол үшін экономика салалары мен өңірлер бойынша нақты квоталар белгілеу, барлық еңбек мигрантын міндетті түрде тіркеу, олардың салық пен әлеуметтік аударымдарды төлеуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл барлық тарап үшін тиімді. Мигранттар заңды мәртебеге ие болып, еңбек құқықтары қорғалады. Мемлекет қосымша салық түсімдерін алады. Ал жұмыс берушілер заң аясында жұмыс істейді. Еңбек инспекцияларының жұмысын күшейтіп, қызметкерлердің құқықтары бұзылған жағдайда шағым беру тетігін жеңілдету қажет. Тәуелсіз кәсіподақтардың рөлін де арттыру маңызды.

Ұзақ мерзімде жалақыны өсірудің ең дұрыс жолы – еңбек өнімділігін арттыру. Қазақстандық маман көбірек табыс табуы үшін көбірек құн өндіруі керек. Ол үшін сапалы кәсіптік білім беру, қайта даярлау бағдарламаларын дамыту және цифрлық дағдыларды күшейту қажет.

Тоқетері, еңбек миграциясын қауіп ретінде емес, аймақтағы экономикалық айырмашылықтардың салдары ретінде қарастырған дұрыс. Оны тиімді басқару қажет. Ал еңбек нарығындағы негізгі міндет – қазақстандықтардың еңбек өнімділігін арттыру, лайықты жалақы алуына жағдай жасау және олардың еңбек құқықтарының нақты қорғалуын қамтамасыз ету.

Көп рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас Жолдыбай

 

 

Comments