Өзбекстан Қазақстанның орнына Орталық Азиядағы ең қауіпсіз ел атанды

306
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qLBfFZSBW3UGEs0rKCsROWBWmkNi3qq2s1cvi5gl.jpg

Маусым айында жарияланған Global Peace Index рейтингінің жаңартылған нұсқасында Өзбекстан Орталық Азиядағы ең қауіпсіз ел деп танылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ферғанаға сілтеме жасап.

Рейтингті штаб-пәтері Австралияда орналасқан тәуелсіз халықаралық аналитикалық орталық — Экономика және бейбітшілік институтының мамандары жасаған.

163 ел қамтылатын ең бейбіт мемлекеттер тізімін құрастыру кезінде үш негізгі бағыт ескерілген: ішкі және сыртқы қақтығыстар, әлеуметтік қауіпсіздік пен қорғалу деңгейі, милитаризм. Сонымен қатар 23 көрсеткіш талданған. Олардың ішінде көршілес елдермен қарым-қатынас, халық ішіндегі босқындар үлесі, саяси тұрақсыздық, қоғамдық тәртіп, қылмыс статистикасы, күштік құрылымдардағы қызметкерлер саны, әскерге жұмсалатын шығындар және басқа да факторлар бар.

Жаңа тізімде Өзбекстан 1,728 балл жинап, 37-орынға көтерілді. Ел былтырғы индексімен салыстырғанда 10 сатыға жоғарылаған. Өткен жылғы өңірлік көшбасшы — Қазақстан — Орталық Азия елдері ішінде екінші орынға түсті. Жаһандық рейтингте ол 1,771 баллмен 44-орынға жайғасты. Одан кейінгі орында Тәжікстан тұр. Ел 1,799 балл нәтижесімен 47-орынды иеленген. Қырғызстан 8 сатыға көтерілгеніне қарамастан, 1,865 баллмен 61-орында қалды.

Ал Орталық Азиядағы посткеңестік республикалар ішінде ең төмен көрсеткіш Түркіменстанға тиесілі. Бұл ел 1,903 балл алып, әлемдік рейтингте 66-орыннан көрінді.

Айта кетейік, 2025 жылғы рейтингте Орталық Азия бойынша Қазақстан көш бастаған еді. Еліміз 56-орында болған. Ал Өзбекстан 67-орында, Қырғызстан 78-орында, Тәжікстан 79-орында, Түркіменстан 87-орында тұрған.

Жаңартылған тізімнің алғашқы орындарында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Жыл сайын дәстүрлі түрде Еуропа елдері мен арал мемлекеттері алда келеді. Екінші жыл қатарынан Исландия (1,161 балл) көш бастап тұр. Одан кейінгі бестікке Жаңа Зеландия, Швейцария, Словения және Ирландия енген.

Соңғы орында да өзгеріс жоқ. 3,367 балл жинаған Ресей 163-орында тұр. Ол 2022 жылы Украинаға қарсы соғыс бастап, әлі күнге дейін көрші ел аумағында әскери қимылдар жүргізіп келеді.

Comments