Тартыс пен талқы. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жұмыстар сарапқа салынды

205
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8l3E38H6J2sNxvEmjkLJAGaHmtZvDPYbBWZIrlIn.jpg

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен 2026 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды "Адырна".

Жиын барысында комиссия мүшелері әдебиет пен өнер салалары бойынша ұсынылған жұмыстарды қарап, конкурстық іріктеудің келесі кезеңіне өтетін үміткерлерді анықтады.

Отырыста Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған 32 жұмыс талқыланды. Бұл марапат әдебиет пен өнер саласындағы үздік туындылар мен шығармашылық жетістіктерді қолдауға бағытталған еліміздегі ең беделді мемлекеттік сыйлықтардың бірі болып саналады.

Комиссия мүшелері Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның баяндамасын тыңдады. Министр биылғы байқауға ұсынылған жұмыстар туралы ақпарат беріп, олардың конкурстық рәсімдерден өту барысына тоқталды.

Комиссия құрамына әдебиет, мәдениет және өнер саласындағы белгілі қоғам және шығармашылық қайраткерлері енген. Дауыс беру нәтижесінде конкурстық іріктеудің келесі кезеңіне өтетін үміткерлер анықталды.

Енді үміткерлердің жұмыстары белгіленген тәртіпке сәйкес жан-жақты қаралып, сараптамадан өтеді.

Айта кетейік, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық ұлттық мәдениетті дамытуға, қаламгерлер мен өнер қайраткерлерінің еңбегін қолдауға және қоғамдағы шығармашылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Бұл марапат шығармашылық қауымдастық үшін ең жоғары мемлекеттік бағалардың бірі саналады.

Comments