Ресейден іргесін аулақтатқан Пашинянның партиясы сайлауда көш бастады

402
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pRBZbM3y2dsJslcwYC5AN1GqK03eYPoJl8StLO1j.jpg

Армениядағы парламент сайлауында бюллетеньдердің 50%-ы өңделгеннен кейін ел премьер-министрі Никол Пашинянның биліктегі «Азаматтық келісім» партиясы 51,71% дауыспен көш бастап келеді. Бұл туралы Armenia Today жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Екінші орында 23,2% дауыс (136 226 дауыс) жинаған «Күшті Армения» блогы тұр. Үздік үштікті 9,33% (54 768 дауыс) көрсеткішпен «Армения» блогы түйіндейді. Одан кейін 4,29% сайлаушының қолдауына ие болған (25 218 дауыс) «Гүлденген Армения» партиясы орналасқан.

Армения парламентінің сайлауы 7 маусым күні өтті. Жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де барлық 2005 сайлау учаскесі жабылып, одан кейін дауыстарды санау басталған. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға қатысу көрсеткіші 58,97%-ды құраған. Дауыс беруге 1 476 697 сайлаушы қатысқан.

Сайлауға 18 саяси күш қатысты. Олардың қатарында бұрынғы президент Роберт Кочарянжетекшілік ететін «Армения» блогы, Самвел Карапетян бастаған «Күшті Армения» блогы және премьер-министр Никол Пашинян жетекшілік ететін биліктегі «Азаматтық келісім» партиясы бар.

Парламентке өту үшін саяси партиялар 4 пайыздық межеден өтуі тиіс. Екі партиядан құралған блоктар үшін шек 8%, ал екі партиядан көп күш біріктірген альянстар үшін 10% болып белгіленген. Сайлауда ең төменгі қатысу шегі қарастырылмаған.

Comments