Солтүстікте Ольшанка ауылының тұрғындары ауылға апаратын жолдың нашарлығына байланысты оны өз күштерімен жөндеуге кірісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Информбюроға сілтеп.
Тұрғындар құрылыс компанияларын күтпей, қолдарына күрек алып, жолдағы ойықтарға қиыршық тас төсеп, кей жерлерін топырақпен тегістеген. Ауыл тұрғыны Анатолий Дранконың айтуынша, бірнеше бригада құрылып, әркім өз техникасымен және күшімен көмектескен.
“Төрт бригада құрдық. Кімде қандай техника бар, соны шығарды. Кейбірі күрек алып шықты. Үш шақырым жолға қиыршық тас төседік, тағы бір шақырымын топырақпен тегістедік. Осылайша ауылға апаратын жолдың жартысын жөндеп шықтық”, – деді ол.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жолдың тозуы жедел жәрдем мен қоғамдық көліктің қатынауына кедергі келтіріп отыр.
Петропавлдан шамамен 30 шақырым жерде орналасқан Ольшанка ауылына апаратын жолдың қашан жөнделетіні әзірге белгісіз. Жауапты органдар нақты мерзімді атаған жоқ.
Тұрғындар жолдың қазіргі жағдайын көрсететін фото және бейнематериалдарды облыс әкіміне жолдауды жоспарлап отыр. Олардың айтуынша, аудандық деңгейде мәселенің шешілуін ұзақ күткенмен, нәтиже болмаған.
