Газада миллиондаған адам азық-түлікке мұқтаж

93
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2807G0ZhsmPJpdqY5U6wLWkkPnXEDG8ZnuGaD3n3.webp

Біріккен Ұлттар Ұйымы Ливан, Газа секторы және Йемендегі гуманитарлық ахуалдың күрт нашарлап бара жатқаны туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ұйымның дерегінше, өңірлерде миллиондаған адам азық-түлік пен медициналық көмекке мұқтаж болып отыр.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің күшеюіне және өңірдегі тұрақсыздықтың артуына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, қарулы қақтығыстар салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп, гуманитарлық жағдай күрделене түскен.

Гутерриш тараптарды сабыр сақтауға және жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтаудың маңызын атап өтті.

БҰҰ мәліметінше, Израиль армиясының эвакуация туралы бұйрығынан кейін Бейруттің оңтүстік аудандарынан шамамен 200 мың адам көшіп кеткен. Қазіргі уақытта 135 мыңға жуық адам уақытша орналастыру орталықтарында тіркелген. Алайда орталықтардың көпшілігі лық толғандықтан, мыңдаған тұрғын ашық аспан астында түнеуге мәжбүр.

Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, соңғы әуе шабуылдары салдарынан бес адам қаза тауып, 48 адам жараланған. Зардап шеккендердің арасында медицина қызметкерлері де бар.

Ал газа секторында гуманитарлық жүктерді жеткізу жұмыстары қиындықтарға ұшырап отыр. «Керем-Шалом» өткізу бекетіндегі кідірістерге байланысты ауруханалар мен су тұщыландыру қондырғыларына арналған жанармай жеткізілмеген. Соған қарамастан халықаралық ұйымдар аймаққа дәрі-дәрмек, гигиеналық құралдар, шатырлар мен көрпелер тиелген мыңнан астам жүк контейнерін жеткізген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен соңғы екі аптада Газадан шетелде емделуге мұқтаж жүзге жуық науқас эвакуацияланған. Алайда мыңдаған адам әлі де мамандандырылған медициналық көмекке зәру.

БҰҰ Йемендегі азық-түлік дағдарысының да тереңдеп бара жатқанын хабарлады. Ұйымның бағалауынша, елдің үкімет бақылауындағы аумақтарында шамамен бес миллион адам азық-түлік тапшылығынан зардап шегіп отыр.

Маусым мен қыркүйек аралығында бұл көрсеткіш 5,4 миллион адамға дейін өсуі мүмкін.

БҰҰ агенттіктері халықаралық қауымдастықты шұғыл қаржылай қолдау көрсетуге шақырды. Ұйым 2026 жылға арналған гуманитарлық жоспар аясында Йемендегі 12 миллион тұрғынға көмек көрсету үшін 2,16 миллиард доллар көлемінде қаржы қажет екенін мәлімдеді.

Comments
Other materials