Қазақ үшін ең қауіптісі — маңайдағы, алыстағы көршілер емес, қазақтың өз ішіндегі әсіре діншілдік

296
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jUFYyyc0ipcxWyzbUJIfAnI1YJFvwcyTT9dJFoGK.jpg

Иә, қолымыз бар, аяғымыз бар, шүкіршілік. Ең бастысы — миымыз бар. Әлдебір мұсылман Құрбан айтқа сойған қойының қан-жын сасыған ішек-қарнын кеше кешкілік бақшамыздың шетіне көмдік. Содан соң сасып жатқан жерін жудық.

Иә, ішек-қарны біздің үйдің бұрышына тасталған қойдың Құрбан айтқа орай сойылғаны хақ. Өйткені, тура осындай жағдай 18 жылда бесінші рет қайталанып тұр. Бұған дейін тағы екі рет ішек-қарын, бір рет тері, бір рет тері сирақтарымен бірге тасталған. Бұл жағдай неге Құдайдың жай күнінде емес, Жаңа жылда емес, 1 мамырда емес, христиандардың Пасхасында емес, тура Құрбан айтта көрініс береді? Демек, Құрбан айтқа қатысты сойылғаны аспандағы айдан да анық.

Қойды мұсылман сойғаны да даусыз. Үлкен ауылдың біз тұратын бөлігіндегі ұзынынан үш, көлденеңінен төрт көшелік орамын қарасақ, бір неміс, екі орыс тұрады. Тағы бір үлкен үйді қытайлықтар жалдайды. Басқасы — қазақ, ұйғыр, түрік — дін мұсылман қауымынан. Қытайлар қой сойды деген күдікті бірден алып тастаймыз. Неміс көрші өзінің ауласының сыртына біз ауланың ішіне қимайтын құнды материал төсеп тастаған. Пышылдатып соны жуады да жатады. Барып суретке түсіріп келдік, дәлел үшін. Бір көше әрідегі орыс әйел бұралқы иттерді асырайды. Біз сүйек-саяқты сақтап, соған береміз. Анығында өзі алып кетеді. Базардан арзанға тауықтың оны-мұнысын сатып алатынын айтады. Оның қой сойып, ішек-қарнын лақтырып тастауы — үш ұйықтаса түсіне кірмес жағдай. Енді тағы бір орыс көрші қалды. Төрт кішкене баласы бар, өзі кәсіпкер. Бар азық-түлікті “жеткізу қызметі” арқылы әкелгізеді. Дайын тамақты да тапсырыспен алғызады. Күніне екі рет есік алдына сол қызметтің көлігі келіп тұрады. Ол да қой сойып, ішек-қарнын лақтырып тастамасы Құдайға аян шығар. Сонымен қойдың Құрбан айтқа сойылғаны, ішек-қарнын сол мұсылманның тастағаны біз үшін даусыз.

Ал неге даурықтырмай көме салмадық? Бірінші жолы, екінші, үшінші, тіпті төртінші жолы солай істегенбіз. Енді шектен шығып тұр ғой. Әлгі “балам, істіктен шығып кеттің” дейтін тәмсілдегі сияқты.

Қазақстан тәртіп сақталғанда ғана дамиды. Өркендейді. Тәртіп болмаса мемлекетте істеліп жатқан игі тірліктің бәрі бекерге кетеді. Ал көшеге қойдың боқ сасыған ішек-қарнын тастап кету — тәртіпті өрескел бұзу. Мұны әкімдік пен полиция қадағалауы, бұған жұқпалы аурулар таралмауына жауапты қызмет қоңырау қағуы керек еді. Үшеулеп тәртіп бұзған адамды тауып жөнге шақыруы керек еді. Сол себепті көрсін, қатаң ба, жеңіл ме шара қолдансын деп бірден көме салмадық.

Біз — алдымен азаматпыз. Қазақстан деген мемлекеттің азаматымыз — сол маңызды, ал қай дінді ұстанатынымыз, бәлкім ұстанбайтынымыз соншалықты маңызды емес. Бұл оқиғадан тағы бір түйін түйдік. Қазақ үшін ең қауіптісі — маңайдағы, алыстағы көршілер емес, қазақтың өз ішіндегі әсіре діншілдік. Бізден бұрын мұны Мұхтар Мағауин айтып кеткен-ді. Әулие екен жарықтық!

Қайнар Олжай

Comments
Other materials