Трамп Иранға қатысты түпкілікті шешімді әлі қабылдаған жоқ — БАҚ

379
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cUhoYekvNpRYBwKzD0VSJolMmiznSrFq20THsBAX.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдің ахуалдық орталығында өткен кеңестен кейін Иранмен ықтимал келісімге қатысты түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Бұл туралы The New York Times жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Басылым материалында АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі келтірілген ақпарат берілген. Оның айтуынша, жиын шамамен екі сағатқа созылған. Әкімшілік ішінде тараптар келісімге жақын деген пікір бар, алайда кейбір мәселе әлі де талқылануда. Олардың қатарында Иран активтерін бұғаттан босату мәселесі де бар.

Пентагон басшысы келіссөздер сәтсіз аяқталған жағдайда АҚШ Иранға қайтадан соққы беруге дайын екенін мәлімдеді.

Еске салайық, Трамп 29 мамырда Иранға қатысты мәселелер бойынша түпкілікті шешім қабылданатын кеңес өтетінін мәлімдеген еді. Ол сондай-ақ АҚШ Иран порттарына салынған теңіз блокадасын алып тастайтынын айтқан. Оның пікірінше, Ормұз бұғазы ешқандай алымсыз, екі бағытта да еркін теңіз қатынасы үшін дереу ашылуы тиіс.

Трамп Иранның байытылған ядролық материалы АҚШ тарапынан Тегеранмен және Халықаралық атом энергиясы агенттігімен бірлесіп алынып, жойылатынын түсіндірді. Ал Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи Тегеран Вашингтонмен хабар алмасуды жалғастырып жатқанын, бірақ қақтығысты тоқтату жөнінде нақты келісім әлі жасалмағанын мәлімдеді. Ол Иранның қазіргі таңда әскери қақтығысты тоқтатуға басымдық беріп отырғанын, ал ядролық бағдарламаға қатысты мәселелер әзірге талқыланбайтынын тағы да растады.

 

Comments