ЕАЭО елдері Арменияға Еуроодақ мәселесі бойынша референдум өткізуді ұсынды

127
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/yNmWGJDWdKhPVZNlhV6jiyaEUpvvZwF5Zl17vCIf.jpg

Александр Лукашенко, Қасым-Жомарт Тоқаев, Садыр Жапаров пен Владимир Путин Арменияны Еуропалық одаққа кіру немесе Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) мүшелігін сақтау мәселесі бойынша мүмкіндігінше қысқа мерзімде жалпыхалықтық референдум өткізуге шақырды. Бұл туралы Кремль сайтында жарияланған, деп хабарлайды “Адырна”.

«Біз, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясының президенттері, Армения Республикасының Еуропалық одаққа кіруге бағытталған әрекеттерін, соның ішінде 2025 жылы Армения Республикасының Ұлттық жиналысы мақұлдап, Армения президенті қол қойған “Армения Республикасының Еуропалық одаққа кіру процесін бастау туралы” заңын, сондай-ақ 2026 жылғы 5 мамырда өткен алғашқы “Армения – Еуропалық одақ” саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен декларацияда Еуропалық одақтың Армения үкіметінің еуропалық ұмтылыстарын қолдағанын ескере отырып, Арменияның Еуропалық одаққа дайындалуына байланысты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық қауіпсіздігіне төнетін елеулі тәуекелдерді және осыған байланысты Одаққа мүше елдерге келуі мүмкін залалдың алдын алу қажеттігін назарға ала отырып, Армения Республикасында Еуропалық одаққа кіру немесе Еуразиялық экономикалық одақ құрамында қалу мәселесі бойынша барынша қысқа мерзімде жалпыхалықтық референдум өткізу қажет деген ұстанымды қолдаймыз», – делінген Кремль сайтында жарияланған мәлімдемеде.

Сондай-ақ Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей өкілдері 2026 жылдың желтоқсанына дейін Арменияға қатысты ЕАЭО туралы шарттың қолданылуын тоқтатудың ықтимал салдары жөнінде баяндама дайындайтыны атап өтілген.

Comments