Шайдоров мәселесі. Министр жағдайды өз бақылауына алатынын айтты

71
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Tj3uPCr1Gg1SSts7gl54wuu8OihMbsU10uoemTBu.jpg

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, қысқы олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бірнеше ай бойы жалақы алмағанын айтып, сондай-ақ спорттық атақ беру мен мемлекеттік қолдау шараларына қатысты сұрақтарды көтерген. Осыған байланысты жағдайға түсініктеме беру үшін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пікір білдірді. Бұл туралы Zakon.kz жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Ведомствоның мәліметінше, Михаил Шайдоров бұрынғы олимпиадалық цикл бойынша келісімшарт негізінде жалақы алған, ал бұл құжат 2026 жылдың ақпанында аяқталған. Наурыз айынан бастап жаңа олимпиадалық циклге арналған жаңа келісімшарт жасалуы тиіс болған. Алайда ол әлі күнге дейін қол қойылмағандықтан, жаңа кезең бойынша төлемдерге құқықтық негіз жоқ.

Министрлік жаңа келісімшарт спортшының олимпиадалық чемпионы ретіндегі статусын ескере отырып, тиімдірек шарттармен ұсынылғанын атап өтті. Дегенмен тараптар «міндеттемелер» тармағы бойынша ортақ келісімге келе алмай отырғаны айтылды.

Ведомствоның түсіндіруінше, ұлттық құрама спортшыларымен жасалатын келісімшарттар үлгілік сипатта болады және барлық спортшыларға бірдей қолданылады. Бұл құжат оқу-жаттығу жиындарын, жарыстарға қатысуды, медициналық сүйемелдеуді және жалақы төлеу тәртібін реттейді.

Министрлік өкілдері келісімшартқа қол қойылғаннан кейін барлық қаржылық мәселелер реттелетінін және спортшыға тиесілі төлемдер толық көлемде төленетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ ведомство өкілдері Шайдоровтың «қысым жасалып жатыр» деген пікірін жоққа шығарып, мұндай жағдайдың жоқ екенін атап өтті. Олардың айтуынша, барлық мәселе тек ұйымдастырушылық және құқықтық сипатқа ие.

“Михаил Шайдоровқа Олимпиада алтыны үшін қарастырылған сыйақыны төлеу маусым–шілде айларына жоспарланған. Ал спорттық атақ беру туралы бұйрыққа қол қойылған және ол жақын уақытта ресми түрде табысталмақ”, – деді министр.

Министрлік барлық мәселелер заң аясында және өзара түсіністік негізінде шешілетінін, ал мемлекет спортшылар алдындағы міндеттемелерін толық орындайтынын жеткізді.

Михаил Шайдоров мәселесінен кейін Prokzsport редакциясы Қазақстанның олимпиада чемпиондарымен байланысқа шықты.

Спортшылардың айтуынша, қоғамда мемлекеттік қолдау түрлері жиі шатастырылып жүр. 250 мың доллар көлеміндегі сыйақы, пәтер және өмір бойғы төлемдер - Олимпиадада жеңіске жеткен спортшыларға берілетін заңмен бекітілген марапаттар. Бұл төлемдер спортшының кейінгі жылдардағы жалақысына немесе жаңа олимпиадалық циклдегі қаржыландыруға әсер етпейді.

Сонымен қатар, әрбір олимпиадалық цикл аяқталғаннан кейін спортшылармен жаңа келісімшарт жасалады. Бұл құжат оқу-жаттығу жиындарын, халықаралық жарыстарға қатысуды және жалпы дайындық процесін қаржыландыру тәртібін реттейді.

Мамандардың пікірінше, келісімшартсыз спортшыға жалақы тағайындау және толыққанды дайындықты қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл кәсіби спорттағы қалыпты тәжірибе ретінде қарастырылады.

Чемпиондар Михаил Шайдоровтың қазіргі таңда Қазақстан спортының жетекші өкілдерінің бірі екенін атап өтті. Олардың айтуынша, маңыздысы — жағдайды ушықтырмай, барлық құқықтық рәсімдерді уақтылы аяқтау.

Comments