Оралда Еуразиялық индустриялық-логистикалық хабтың іргетасы қаланды

50
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/70HOZfjhL2gfxDrk2MViBdY3JpycrPwHMhI2bzzp.jpg

Орал қаласында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен Еуразиялық индустриялық-логистикалық хабтың іргетасын қалау рәсімі өтті. Жобаның бастамашысы – Eurasia Holding Group құрамына кіретін «Jinone Excellence Investment» ЖШС.

Маңызды нысандағы құрылыстың басталуына орай өткен салтанатты рәсімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Аймақ басшысы Президенттің тікелей тапсырмасымен аймақтағы басым экономикалық салаларды дамыту үшін инвесторларға қажетті инфрақұрылым мен дайын заманауи өнеркәсіптік алаңдар жасақталып жатқанын жеткізді. 

-  Батыс Қазақстан облысы – еліміздің батыс қақпасы, инвестициялық әлеуеті жағынан тартымды аймақтардың бірі. 2023-2025 жылдары негізгі капиталға шамамен 2,3 триллион теңге инвестиция тартылды. 2026 жылдың бірінші тоқсанында ғана инвестиция көлемі 22,4%-ға өсіп, 135 миллиард теңгеден асты. Бұл көрсеткіштер аймақ экономикасына бизнестің жоғары сенімділігін көрсетеді. Кейінгі 3 жылда 4,9 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика аймақтары арасында жетекші орын алады, - деді Нариман Төреғалиев.

ҚХР-дың Ақтөбе қаласындағы Бас консулының орынбасары Чжан Нан маңызды жоба екі ел арасындағы достық қатынас пен өндірістік ынтымақтастықты дамытып, жаңа деңгейге шығаруға серпін беретінін атап өтті. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқармасының төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде инвесторларға кешенді қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Жаңа жоба Орал қаласында 20 гектар аумақта іске асырылады. Инвестициялардың жалпы көлемі 130 млн АҚШ долларын құрайды. Кешен құрамына жылына 30 000 тоннаға дейін өнім шығаратын болат конструкциялары зауыты, жылына 60 000 данаға дейін құрылыс қалыптарын өндіретін зауыт, сондай-ақ жыл сайын 250 000 бухтаға дейін BV типті кабель шығаратын зауыт кіреді. Нысанды 2026 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған. Жобаны іске асыру нәтижесінде 510 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Хабтың негізгі элементі қытайлық электрондық коммерция компанияларын, ресейлік трейдерлер мен еуропалық жүк жөнелтушілерді қоса алғанда, үшінші тараптардың жүктерін сақтауға және өңдеуге арналған ашық үлгідегі «А» типті кеден қоймасы болады. Бұл формат өңірдегі тиімді логистиканы қамтамасыз етіп, халықаралық сауданың дамуына серпін береді.

Жоба Қытайды, Орталық Азияны, Ресейді, Шығыс Еуропа мен Еуропалық одақты байланыстыратын еуразиялық өнеркәсіптік синергия дәлізі үшін негізгі холдингтік платформаны қалыптастыруға бағытталған. Халықаралық көлік бағыттарының тоғысында орналасқан Орал қаласы ЕАЭО елдерінің нарықтарына тікелей шығатын заманауи индустриялық-логистикалық орталық қалыптастыру үшін айтарлықтай әлеуетке ие.

Comments
Other materials