Астанада «Қаламгерлер аллеясындағы» Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып алып, фотосессия жасаған қыздың кім екенін анықталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Желіде тараған кадрларда бойжеткеннің ескерткіштің иығына мініп, фотоға түскені байқалады. Желі қолданушылары мұны мәдени мұраға және тарихи тұлғаға құрметсіздік деп бағалады.
ПД мәліметінше, 18 жастағы Астана тұрғыны Байқоңыр ауданының полиция басқармасына жеткізілген.
«Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Полиция осындай әрекеттерге жол берілмейтінін және мәдениет нысандары мен тарихи мұраларға ұқыпты әрі құрметпен қарау қажеттігін ескертеді»,–делінген хабарламада.
Сонымен қатар полиция ескерткіштер мен мәдени орындарға қасақана зиян келтіру вандализм болып саналуы мүмкін екенін және жауапкершілікке, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті.
