Медицина халықаралық серіктестік алаңына айналғанда, оның игілігін ең алдымен пациенттер көреді. Осындай маңызды ұстаным аясында Астанада отандық онкология саласы үшін айтулы оқиға өтті – Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қойды.
Құжат радиациялық онкология, ядролық медицина, диагностикалық визуализация, медициналық физика, радиофармация және медицинадағы радиациялық қауіпсіздік бағыттарын қамтиды. Келісімге МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Мариано Гроссидің Қазақстанға сапары аясында қол қойылды.
Келісімге қол қою отандық онкологияны дамыту мен радиациялық медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың стратегиялық қадамы болды. Негізгі бағыттардың бірі – Ұлттық ғылыми онкология орталығын (ҰҒОО) МАГАТЭ-нің әлем бойынша онкологиялық көмектің заманауи түрлеріне қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған Rays of Hope жаһандық бастамасы аясындағы әлеуетті Anchor Centre ретінде дамыту.
Жоспарланған іс-шаралар толық жүзеге асқан жағдайда, ҰҒОО әлемдегі МАГАТЭ-нің 19-шы Anchor Centre орталығына және Орталық Азиядағы алғашқы осындай орталыққа айналады.
МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Мариано Гросси радиациялық онкология мен сәулелік терапия саласындағы Қазақстанмен ынтымақтастықтың бүгінде жоғары деңгейде дамып келе жатқанын және оның бүкіл өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Біз Ұлттық ғылыми онкология орталығының МАГАТЭ-мен ынтымақтастық аясында жүріп өтетін даму жолын айқындағымыз келеді. Бұл тек орталықтың өзіне жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, өңірлік ынтымақтастыққа да негіз болады. Онкологиялық аурулар мен одан болатын өлім-жітім деңгейі әлі де жоғары. Қазақстанның онкологиялық көмекті дамытуға ерекше жауапкершілікпен қарап отырғаны зор құрметке лайық. Бүгінгі келісімдер өзара байланыстарымызды нығайтып, әлемдік деңгейдегі орталықты одан әрі дамытуға негіз болады деп сенемін», – деді мәртебелі мейман.
Ынтымақтастық аясында тараптар білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, халықаралық тағылымдамалар мен ғылыми сапарлар ұйымдастыруды, сондай-ақ ҰҒОО мамандарының зерттеу жобалары мен агенттіктің сараптамалық миссияларына қатысуын жоспарлап отыр.
Негізгі назар радиациялық онкология, ядролық медицина, медициналық физика және радиофармация салалары бойынша мамандар даярлауға аударылады. Сонымен қатар ҰҒОО радиациялық медицина мен онкология бағытында кадр даярлайтын өңірлік құзырет және білім орталығы ретінде дамуды көздейді.
Жекелеген бағыттардың бірі ретінде сапа менеджменті жүйесін жетілдіру көзделген. Атап айтқанда, сапаны басқарудың кешенді жүйесін енгізу, ішкі аудиттер жүргізу және ҰҒОО-ның МАГАТЭ стандарттарына сәйкес Anchor Centre ретінде жұмыс істеуге дайындығын бірлесіп бағалау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар халықаралық сарапшылар ҰҒОО-ның ескі корпусын реконструкциялау барысында техникалық және сараптамалық қолдау көрсетеді. Бұл радиациялық медицина инфрақұрылымын жаңғыртуды, жоғары технологиялық жабдықтарға арналған бөлмелерді дайындауды, соның ішінде желілік үдеткіштермен жабдықтауды қамтиды.
Бұл серіетестіктің маңызы ерекше. Себебі қазіргі онкологиялық көмекті халықаралық тәжірибе алмасусыз, ғылыми әріптестік пен әлемдік озық тәжірибелерді енгізусіз дамыту мүмкін емес. Қол қойылған келісім ҰҒОО-ның Орталық Азиядағы жетекші онкологиялық орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып, отандық онкологиялық қызметті жаһандық кәсіби қауымдастыққа ықпалдастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Құжатқа МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Мариано Гросси мен ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев қол қойды. Келісім үш жыл мерзімге жасалып, кейін оны ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
In the USA, the investigation of Elon Musk's company, which put a chip in the brain of animals and severely tortured them, began
