Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асырып жатқан Auyl Sport жобасының жеңімпазы Назерке Болатбек халықаралық аренада Қазақстанның мерейін үстем етті. Жас спортшы Ташкент қаласында үстел теннисінен өткен WTT Youth Contender Tashkent 2026 халықаралық турнирінде күміс жүлдегер атанды.
Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Асықата ауылынан шыққан Назерке 11 жасқа дейінгі қыздар арасында өнер көрсетіп, әлемнің әр елінен келген қарсыластарымен тартысты ойын өткізді. Нәтижесінде Қазақстан қоржынына күміс медаль салды.
13-16 мамыр аралығында Өзбекстан астанасындағы «Yunusobod» спорт кешенінде ұйымдастырылған беделді халықаралық додаға 500-ге жуық спортшы қатысты. Турнирде Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Түркия, Сауд Арабиясы, Гонконг және басқа да мемлекеттердің жас теннисшілері бақ сынады.
Қазақстан құрамасы сапында бұл жарысқа Auyl Sport 2025 республикалық турнирінің жеңімпаздары атанған Түркістан облысының төрт жас спортшысы қатысты. Қатысушылардың жол жүру, жатын орын, тамақтану және турнирге қатысу шығындарын Halyk қайырымдылық қоры толықтай өз мойнына алды.
«Бұл жарыс маған үлкен тәжірибе сыйлады. Әлемнің әр түкпірінен келген мықты спортшылармен ойнау оңай болған жоқ. Бірақ ауылдан шыққан балалардың да халықаралық деңгейде жеңіске жете алатынын дәлелдегім келді. Auyl Sport жобасына, бапкерлеріме және ата-анама алғыс айтамын», – деді Назерке Болатбек.

Айта кетейік, Halyk қайырымдылық қоры Түркістан өңірінде ауыл спортын дамытумен қатар, әлеуметтік және мәдени жобаларды да жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қор жақында Түркістан облысындағы тарихи-мәдени мұра нысандарының бірі - Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесін толық қайта жаңғырту жобасын бастады. Жобаның жалпы құны 200 миллион теңгеден асады, құрылыс жұмыстары алты ай ішінде аяқталады деп жоспарланған.
Назеркенің жетістігі ауыл спортына көрсетіліп жатқан қолдаудың нақты нәтижесі. Мұндай бастамалар шалғай ауылдағы талантты балаларға үлкен спортқа жол ашып, халықаралық аренада ел намысын қорғауға мүмкіндік береді.
Today, representatives of the mass media got acquainted with the work of the republican election headquarters of the "AMANAT" party
