Маңғыстауда сирек кездесетін жолақты қорқау қасқыр байқалды

268
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ce3X7iuTSYPbBZ7mgl8uZGJufjECCCUW4F7I9q8t.webp

Фото: @abat.kuatov_ / Instagram

Маңғыстау облысында сирек кездесетін жолақты қорқау қасқырға ұқсас жануардың суреті әлеуметтік желілерде таралып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Фотоны өңір тұрғыны Абат Қуатов жариялаған. Суретте жануар көліктің ашық жүксалғышында байлаулы жатқаны көрінеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Мамандардың айтуынша, бұл – жолақты қорқау қасқыр болуы әбден мүмкін. «ECO-SOCIAL» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, эколог Әділбек Қозыбақовтың сөзінше, мұндай жануарлар Маңғыстау аумағында өте сирек кездеседі.

«Маңғыстауда шынымен бірнеше жұп қорқау мекендеуі мүмкін. Мұны жан-жақты зерттеу керек. Зерттеу нәтижелері негізінде қорқауды Маңғыстау облысының және жалпы Қазақстанның фаунасына енгізіп, Қызыл кітапқа қосуға болады. Себебі, менің білуімше, еліміздің басқа аймақтарында ол кездеспейді», - деді Әділбек Қозыбақов.

Сарапшының мәліметінше, бұған ұқсас оқиға шамамен 15 жыл бұрын тіркелген. Сол кезде де жергілікті тұрғындар қорқауды байқаған.

Мамандар өңірде далалық зерттеу жұмыстарын күшейтіп, жануарлар популяциясына мониторинг жүргізу керек деп есептейді.

Жолақты қорқау – негізінен Таяу Шығыс, Кавказ, Орталық Азия мен Үндістанның құрғақ аймақтарында тіршілік ететін сирек жыртқыш аң. Қазақстан аумағында ол өте сирек кездеседі.

Comments