Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында халықаралық бедел деңгейі бойынша көшбасшы

192
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7cOZtRRqJKtqkCpnF5Do8fxVmgLEDNuLSyMnsjMI.jpg

Қазақстан ұлттық беделдің жаһандық индексінде Орталық Азия елдері арасында жетекші орынға ие болды. CEOWORLD деректеріне сәйкес, Қазақстанның халықаралық имиджі жеткілікті жоғары деңгейде бағаланған.

Рейтингте Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында ең үздік нәтиже көрсетіп, 69-орынға жайғасты. Ал рейтингке 197 мемлекет енген.

Рейтинг әдістемесі 10 негізгі бағыт пен 50 жеке индикаторды талдауға негізделген. Олардың қатарында мемлекеттің экономикалық әлеуеті, басқару жүйесінің тиімділігі, ішкі және сыртқы саясат, инвестициялық тартымдылық, инновациялар мен технологиялардың даму деңгейі және басқа да көрсеткіштер бар.

Қорытынды баға 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша бірыңғай көрсеткішке біріктіріліп шығарылған. Мұнда 100 балл — ең жоғары нәтиже.

ТМД елдері арасында Қазақстан халықаралық бедел деңгейі бойынша екінші орын алды. Елдің қорытынды көрсеткіші 66,62 балды құрады.

Рейтингте Қазақстаннан кейін ТМД елдері арасында Беларусь — 89-орын (59,27 балл), Армения — 93-орын (57,14 балл), Әзербайжан — 101-орын (54,15 балл), Өзбекстан — 134-орын (37,7 балл), Қырғызстан — 145-орын (34,87 балл) және Тәжікстан — 160-орын (27,92 балл) иеленді.

Рейтинг көшбасшысы — Сингапур болды.

«Елдің беделі енді абстрактілі ұғым емес, — деп атап өтті CEOWORLD редакциялық алқасы. — Бұл бәсекеге қабілеттілікке, ықпалға және өркендеуге әсер ететін өлшенетін әрі стратегиялық фактор».

Зерттеу авторларының пікірінше, CEOWORLD-тың 2026 жылғы жаһандық бедел индексі мемлекеттерді жай ғана рейтингке қоймай, халықаралық ықпал қағидаттарының қалай өзгеріп жатқанын да көрсетеді.

Қазіргі әлемде сенім, басқару сапасы, инновациялық даму және елдің сыртқы серіктестермен тұрақты қарым-қатынас орната алу қабілеті барған сайын маңызды бола түсуде. Авторлардың айтуынша, этика, инновация және адамға бағдарланған ұстанымды үйлестіре алған мемлекеттер болашақты айқындайтын болады.

 

Comments