Қаңғыбас иттерді аулау келісімшарты ет өңдейтін компанияға берілген

115
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LO5UyU8q5PyxHK3zQFm9UQxFaEOUhjejzdYhclHm.jpg

Орал қаласында қаңғыбас жануарларды аулауға арналған мемлекеттік келісімшарттың ет өңдеумен айналысатын компанияға берілуі қоғамда қызу талқылана бастады. Бұл жағдай жануарларды қорғаушылар мен қала тұрғындарының алаңдаушылығын күшейтті, деп хабарлайды “Адырна”.

CMN.KZ мәліметінше, «Өркен» ЖШС жыл соңына дейін екі мыңға жуық қаңғыбас жануарды аулау бойынша 9,4 миллион теңгеге жуық келісімшартты жеңіп алған. Тіркеу деректеріне сәйкес, компания қызметінің түрлері қатарында «етті өңдеу және консервілеу», сондай-ақ техникалық сынақтар мен талдаулар жүргізу көрсетілген.

Бұл жағдай жануарларды қорғаушылар мен қала тұрғындарының алаңдаушылығын туғызды.

Қоғам назарын аударған тағы бір жайт — компания құрылтайшысы Асылжан Хайретдиновтің Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау комитетіне қарасты Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ филиалын басқаруы болды.

Орал әкімдігінің түсіндіруінше, мемлекеттік сатып алу баға ұсыныстарын сұрату тәсілі арқылы өткізілген. Байқауда бір жануарды аулау қызметін 5 мың теңгеге ұсынған компания жеңімпаз атанған. Сонымен қатар конкурс талаптарында қаңғыбас жануарлармен жұмыс істеу тәжірибесінің болуы міндетті шарт ретінде қарастырылмаған.

Қала билігінің мәліметінше, Оралда қаңғыбас иттер мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Тек өткен жылдың өзінде жануарлардың шабуылынан үш мыңға жуық адам зардап шеккен.

Әкімдік өкілдері мердігер жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң талаптарын сақтауға міндетті екенін мәлімдеді. Сондай-ақ жануарларды аулау мен қажет болған жағдайда эвтаназия жасау гумандық әдістермен және тапсырыс берушінің бақылауымен жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

Осы жағдай аясында Қазақстанда жануарларға қатысты заңнаманы қатаңдату мәселесі төңірегіндегі пікірталастар жалғасуда. Бұған дейін ел Сенаты жануарларды ұсталғаннан кейін бес күн ішінде міндетті түрде ұйықтатуды қарастыратын түзетулерді қабылдамай, заң жобасын қайта қарауға жіберген болатын.

Comments