Ресей әскері өз азаматын шетелде де қорғамақ. Заң жобасы Путинге кетті

182
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tcLBJLQdJaLWmcJVKQTmsokJXqNbOgAHa890lEQl.jpg

Ресей шетелде өз азаматтарын қорғау үшін Қарулы күштерін қолдана алады. Мұндай заңды Мемлекеттік Дума үшінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі РБК-ға сілтеме.

Заңнамалық бастаманы 381 депутат (84,7%) қолдады. Қалыс қалғандар да, қарсы дауыс бергендер де болмаған.

Заң жобасына сәйкес, Қарулы күштер мемлекет басшысының шешімімен шетел соттарының шешімі бойынша қамауға алынған, ұсталған немесе қылмыстық не өзге де қудалауға ұшыраған Ресей азаматтарын қорғау міндеттерін орындауға тартылуы мүмкін. Бұл нормалар тек Ресей қатыспайтын және олардың құзыреті Ресеймен жасалған халықаралық шартқа немесе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына негізделмеген соттарға қатысты қолданылады.

Сондай-ақ президент шешімімен мемлекеттік органдар да өз өкілеттігі шегінде азаматтарды қорғау үшін қажетті шараларды қабылдайды.

Қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполов бұл нормалардың енгізілуі Польшада ресейлік археолог Александр Бутягиннің қамауға алынуына ұқсас жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтқан. Ол сәуір айында Беларусь шекарасында өткен алмасу аясында Ресейге қайтарылған еді.

Айта кетейік,егер заңға Ресей президенті Владимир Путин қол қойса, ол ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Comments