Шәрбану Бейсенова Мемлекеттік сыйлық тізімінен аты-жөнін алдырып тастапты. Бірақ бұл әрекетін қолдамаймын

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5YakCCOICPHBfRwqJKXw2VKZkah4sszPlj4V9srN.jpg

Талантты жазушы Шәрбану Бейсенова биылғы Мемлекеттік сыйлық тізімінен өз аты-жөнін алдырып тастапты. Апайымды ерекше құрметтеймін, сыйлаймын. Бірақ бұл әрекетін қолдамаймын. Әлеуметтік желіде айтылған әңгімелерге сенсек «Билікте жүрген баласына сөз келмеуі үшін» ол осындай қадамға барыпты. Ақылға қонбайтын, қисынсыз қадам.

Ұлының бұл мәселеге не қатысы бар? Түк түсінбедім. Мәулен мемқызметке келмей тұрғанда Шәрбану Бейсенованың таланты мойындалып, апамыз елге жазушы болып танылған. «Тойға келген келіншек», «Зағипа», «Темірқазық» сияқты бірінен-бірі өтетін ғажайып туындылары тәуелсіздікке дейін жазылып, сыншылардың жоғары бағасын алған. 

Апамыз аударма саласында зор еңбек сіңіріп, украин жазушысы Владимр Дроздтың, әзербайжан жазушысы Анардың, Ханс Кристиан Андерсеннің ертегілерін, латынамерикалық қаламгер Жоржи Амадудың «Құм жағалаудың капитандары» романын ана тілімізге аударып, оқырманның ой-өресін байытты. Бұлардың бәрі Шәрбану Бейсенованың ғана емес, қазақ әдебиетінің де зор табысы ғой. Ендеше неге мұндай еңбек баласының мемқызметтке жүргеніне бола бағаланбай, елеусіз-ескерусіз қалуы тиіс.

Әдебиетке еңбегі сіңген таланттар бас тартып, бұл марапатты кім-көрінген ала берсе, онсыз да беделі жоғалып бара жатқан Мемсыйлықта не қадір-қасиет қалады?

Амангелді Кеңшілікұлы

Comments
Other materials