Қоқыстан тауып алған елтаңбаны үйіне ілген блогер айыппұл арқалады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9Keu7mI6t59bVsArW0SeH9xhM6oOSEZZxPMkuvPw.jpg

Жетісу облысында ауыл блогеріне қатысты дау туындады. Ол бірнеше жыл бұрын қоқыс полигонынан мемлекеттік Елтаңбаны тауып алып, оны өз үйінде сақтаған. Бұл әрекеті үшін Данияр Бейісқали айыппұл арқалады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Блогер елтаңбаны жуып-тазалап, үйіне іліп қойғанын айтты.

«Мен мұны символға құрмет ретінде жасадым, оны сақтап қалғым келді»,- деді Данияр Бейісқали.

Ер адам неліктен өзіне айыппұл салынғанын түсінбейтінін де жеткізді.

Бұл жағдайға Жетісу облыстық полиция департаменті пікір білдірді. Онда Ақсу ауданы әкімдігінен түскен өтініш негіз болғаны нақтыланды. Тексеру барысында полицейлер ер адамның жеке басын анықтап, оны қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартқан. Данияр Бейісқали ӘҚБтК-нің 458-бабы бойынша жазаланып, оған 50 АЕК — 216 250 теңге айыппұл салынған.

Полицияда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері заңмен қорғалатынын еске салып, оларды тек белгіленген тәртіпке сай қолдануға болатынын жеткізді.

Comments