Қазақстан құрамасы Еуропалық математикалық олимпиадада топ жарды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/r3SQsif32miMntnNj0jxOQckm5LjFqrD9PZjZE0Q.webp

3-29 сәуір аралығында Литваның Вильнюс қаласында алғаш рет European Mathematical Olympiad өтті. Қазақстан ұлттық құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Құрама қоржынына 3 алтын және 2 күміс медаль түсті. Қазақстан құрамасының бұл жарқын жеңісі халықаралық білім аренасында елдің зияткерлік әлеуетінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Астана қаласындағы Spectrum International School-дың 12-сынып оқушысы Марғұлан Шарел олимпиаданың абсолют жеңімпазы атанды.

Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Эльдар Усенов, Алматы қаласындағы Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы Эрик Лим алтын медаль иеленді. Ал күміс медальді Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің оқушылары Ерасыл Алтынбек пен Әнуар Ағыбаев алды.

Құрама жетекшілері:

Ярослав Гальберг, Қазақстан-Британ техникалық университетінің 4-курс студенті;
Асхат Абдыкулов, Алматы қаласындағы №165 мамандандырылған лицейінің математика пәні мұғалімі.

Айта кетейік, аталған олимпиадаға 19 елден 21 команда, жалпы саны 126 оқушы қатысты. Қатысушы мемлекеттер қатарында Албания, Армения, Болгария, Эстония, Финляндия, Франция, Грузия, Исландия, Ирландия, Қазақстан, Косово, Латвия, Литва, Солтүстік Македония, Норвегия, Польша, Словения, Швейцария және Украина бар.

Comments