Қазақстанмен байланысты компаниялар да бар. Еуроодақ Ресейге қарсы 20-санкциясын қабылдады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5lIkBBGaLAiGvr0wnhdv4TK1PvmHzv76rbaE4Hb2.webp

Фото: Elements.envato.com

Еуроодақ кеңесі Ресейге қарсы ауқымды 20-санкциялық пакетті бекітті. Жаңа тізімге Қазақстанмен байланысты бірқатар компаниялар мен жеке тұлғалар да енді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы vlast.kz сайтына сілтеп.

Санкциялық тізімге жалпы саны 120 адам мен ұйым қосылған. Олардың қатарында Қазақстан, Қытай, БАӘ, Өзбекстан және Беларусьтен 16 компания бар.

Атап айтқанда, тізімге немістің UrSeCo Handels GmbH & Co. KG компаниясының акционері Александр Жданов енгізілді. Бұл компания Wacker Chemie AG өндіретін жоғары тазартылған хлорлы сутегін жеткізумен айналысады. Аталған өнім жартылай өткізгіш пластиналарды өңдеу үшін аса маңызды химиялық зат саналады. Сонымен қатар тізімге Қазақстандағы «Біріккен сауда тобы» ЖШС және оның құрылтайшысы Әлімжан Беков енгізілген. Құжатта «Біріккен сауда тобы» жоғары тазартылған хлорлы сутегін Ресейдің «Силтрон» ЖШҚ-на жеткізгені көрсетілген. Бұл компанияның басым үлесі Ждановтың әкесіне тиесілі. Жеткізу тізбегі Польша, Түркия және Қазақстан арқылы өткені айтылған.

Жаңа санкциялар Ресей кәсіпорындарына жоғары тазартылған хлорлы сутегін экспорттауға тыйым салады.

Санкциялық тізімге ресейлік кәсіпкерлер Дмитрий Малюта мен Денис Шишкин де енді. Олар «Бина Инвест» ЖШҚ арқылы Қазақстан мен Өзбекстаннан мақта целлюлозасын импорттайтын компанияларды бақылайды. Бұл материалдар Ресейдің оқ-дәрі зауыттарында және әскери өнім өндірісінде қолданылады.

Жалпы алғанда, жаңа пакет Ресейдің мұнай экспортынан түсетін табысты азайтуға бағытталған. Құжатта көлеңкелі мұнай секторында жұмыс істейтін компанияларға, соның ішінде үшінші елдердегі ұйымдарға және ірі теңіз сақтандырушысына шектеу қойылатыны көрсетілген. Одан бөлек, Ресейдің «көлеңкелі флотының» құрамына кіретін 46 кеме санкцияға ілікті.

Еуроодақ 20 ресейлік банкпен операция жүргізуге тыйым салды. Сонымен қатар санкцияларды айналып өтті немесе Ресейдің қаржылық хабар алмасу жүйесімен (СПФС) байланысты деген күдікке ілінген үшінші елдердегі төрт қаржы ұйымына шектеу қойылды. Бұл қатарда Қырғызстандағы «Керемет Банк» пен «Капитал Банк» бар. Еуропалық компаниялар мен банктер оларға гуманитарлық төлемдерден басқа операция жүргізе алмайды.

Бұдан бөлек, Қырғызстандағы «ТенгриКойн» ЖАҚ та санкциялық тізімге енгізілді. Ол A7A5 стейблкоинін саудалайтын «Меер» платформасын басқарады. Еуроодақ мәліметінше, бұл ұйым Ресей үкіметіне қолдау көрсетіп, пайда көреді.

Санкциялар Қырғызстанға сандық бағдарламамен басқарылатын станоктар мен радио жабдықтарын экспорттауға да тыйым салады. Еуроодақ бұл шешімді Қырғызстан арқылы Ресейге қайта экспорт көлемінің өсуімен түсіндірді.

Жаңа пакет әскери өнім өндіретін 58 компания мен оларға қатысы бар тұлғаларды қамтиды. Сондай-ақ Ресейдің қорғаныс секторына технологиялық тұрғыда қолдау көрсететін 60 кәсіпорынға қатысты экспорттық шектеулер күшейтіледі.

Еске салсақ, бұған дейін Еуроодақтың 16-санкциялық пакетіне қазақстандық «Kazstanex» және «МеталлСтан» ЖШС-лары енген болатын. Еуроодақ бұл ұйымдар Ресейдің әскери-техникалық әлеуетін арттыруға үлес қосады деп мәлімдеген.

Comments