«АМАНАТ партиясы»-ның Кәсіпкерлер қанаты құрылды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6PqIIGhKQa10nKZoI0VrMIWLsB7vcuYsIr2egWIN.jpg

Бұл туралы Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында мәлімдеді. Іс-шараға мыңдаған компания мен миллиондаған адамды біріктіретін бизнес-қоғамдастық пен ірі салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Партия мен бизнес елдің тұрақты әрі орнықты дамуы үшін, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер жасау, экономиканың өсуін қамтамасыз ету және қазақстандықтардың табысын арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істейтін болады. Отырысқа партияның өңірлік филиалдары бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды.

Өз сөзінде Ерлан Қошанов кейінгі жылдары Президент жаңа мемлекеттік модельді дәйекті түрде қалыптастырып отырғанын атап өтті. Ол – қуатты экономикаға, әділдікке және жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартатын, елді алға жетелейтін кәсіпкерлерді нақты қолдауға бағытталған. Референдумда азаматтар кеңінен қолдаған жаңа Конституция осы бағытты саяси әрі қисынды тұрғыда бекітті. Бұл ретте партия мен бизнестің ортақ мақсаты – Прогрессивті әрі Әділетті Қазақстан құру. Сондықтан «AMANAT» бизнес өкілдерімен күш біріктіріп, ел мен оның азаматтарының игілігі жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын.

«Партияның тәжірибесі, әлеуеті және жұмыс істеуге деген ұмтылысы бар. Біз әрдайым Президент саясатының алдыңғы шебіндеміз. Ел тарихындағы маңызды кезеңдерде саяси институттардың басын біріктіріп келеміз. Белсенді азаматтарға арналған жұмыс алаңдарымыз бар. Жастар қанаты мен әйелдер қанаты жұмыс істейді. Олар ел аумағында ондаған мың адамды біріктіреді. Бұл – партиямыздың өзегін құрайтын электорат. Бизнес те партияны өз серіктесі ретінде көруі керек. Бізге сенім білдіріп, мұнда олардың дауысы естілетініне, мәселелері нақты қаралып, шешімін табатынына көз жеткізуі қажет. Сондықтан партияның жеке Кәсіпкерлер қанатын құруды ұсынамын», – деді партия Төрағасы.

Ерлан Қошанов партияның бизнеспен бірлескен жұмысында елеулі тәжірибе жинақтағанын атап өтті. Бұл бағытта бизнестің мүддесін жүйелі қорғау және кәсіпкерлер қауымдастығымен тұрақты диалог орнату ісінде тиімді алаңға айналған партия жанындағы Үйлестіру кеңесі маңызды рөл атқарады. 20-дан астам отырыс өткізіліп, онда нарыққа қол жеткізу мен қаржыландырудан бастап, салықтық және инфрақұрылымдық реттеуге дейінгі 170-ке жуық мәселе қаралды. Кеңестің тиімді жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің тең төраға ретінде тікелей қатысуы ықпал етуде.

Өңірлерде де осындай партиялық кеңестер белсенді жұмыс істейді. Жақын арада кеңестер жергілікті бизнестің проблемалық мәселелерінің тізілімін қалыптастырып, әкімдіктер мен барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен оларды жүйелі түрде шешуге күш салады. Қажет болған жағдайда бұл мәселелер республикалық деңгейге шығарылады. Партия өңірлік кеңестер жұмысына ең белсенді кәсіпкерлерді тартатын болады. Алдағы уақытта олар партияның кадрлық резервіне енгізіледі.

«AMANAT» партиясы сондай-ақ бизнеске қолдау көрсетудің цифрлық құралдарын күшейтуде. «Ashyk Amanat» аналитикалық платформа іске қосылады. Бұл сервис еліміздегі кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін біріктіріп, партия, Үкімет және бизнес қауымдастығы арасындағы нақты әрі тиімді диалогтың құралына айналуға тиіс.

Мәжіліс Төрағасы бизнес өкілдерімен белсенді жұмысты Мәжілістегі партия фракциясы жүргізіп отырғанын атап өтті. Парламентте көпшілік дауысқа ие фракция ретінде кәсіпкерлікті қолдауға, ашықтықты арттыруға және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған заңдарды жетілдіріп, олардың орындалуын бақылайды. Мәселен, бизнес қауымдастықпен және «Атамекен» ҰКП-мен пәндік диалог жаңа Салық, Құрылыс кодекстері, мемлекеттік сатып алу туралы заң жобаларын әзірлеу кезінде құрылды.

Жаңа Кәсіпкерлер қанатының қызметі аясында бұл өзара іс-қимыл жүйелі түрде күшейтілетін болады. Фракцияда бизнес саласындағы белсенділермен тұрақты байланыс орнататын жауапты депутаттар бекітіледі. Олар кәсіпкерлер бастамаларын заңнамалық тетіктер мен депутаттық сауалдар арқылы ілгерілетіп, заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарына бизнес өкілдерін тартумен айналысады.

Отырыс барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кәсіпкерлердің өтініштерімен жұмыс жүйелі өзгерістерге алып келуге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде басты міндет – жекелеген мәселелерге жауап беруден ережелер мен реттеу деңгейіндегі шешімдерге көшу.

Іс-шарада Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров, «Petrocouncil» Қазақстанның мұнай-газ кеңесі қауымдастығының тең төрағасы Серік Аманғалиев, «АЛЬПРИМА» ЖШС бас директоры Андрей Дегунков, «Қазақстан инвесторлар одағы» қауымдастығының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов және өзге де азаматтар сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша ірі бизнес пен ШОБ өкілдері партия қатарына қабылданды. Осылайша ҚР Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиев, Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Айжан Балакешова және «Integra Construction KZ» ЖШС акционері Мүтәліп Шахмұрат «AMANAT» партиясының мүшесі болды. Сондай-ақ Қазақстан IT компаниялары қауымдастығының президенті, Үйлестіру кеңесінің мүшесі Айымгүл Әбілева, «Energy Monitor» қоғамдық қорының атқарушы директоры Нұрлан Жұмағұлов, «Атамекен» ҰКП өңдеуші өнеркәсіп комитетінің төрағасы Қанат Ибраев, «ФармМедИндустрия Қазақстан» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов және «Қазақстан электр энергетикасы ассоциациясы» басқарма төрағасы Талғат Темірханов партия қатарына қосылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының алғыс хаттары мен партиялық наградалары партия жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне және бизнес-қоғамдастық өкілдеріне ел дамуына қосқан үлесі үшін салтанатты түрде табыс етілді.



«AMANAT» партиясының Баспасөз қызметі
Фото: Әли Ғалым

Comments