Перизат Қайраттан тәркіленген көлік ҚМА балансына берілді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ItmiFt3o4erjCAGTDIiVCwLIJFxalwhecSiWYoE1.webp

Перизат Қайраттың ісі бойынша тәркіленген Lexus LX 600 көлігінің кімге берілгенін Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті айтып берді. Бұл туралы Informburo.kz жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Қара түсті, мемлекеттік нөмірі 100PKO01 болатын жол талғамайтын көлік бойынша сауда 2025 жылдың қарашасында өткен. Автокөлік Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаеваның ағасының атына тіркелген. Өткен жылдың шілдесінде сот Гайни Алашбаеваны қызына қайырымдылық мақсатында жиналған қаражатты жымқыруға және заңдастыруға көмектескені үшін жеті жылға бас бостандығынан айырған.

Электронды сауда порталындағы мәліметке сәйкес, көліктің бағалау құны 79 121 985 теңге болған. Саудаға тек мемлекеттік мекеме немесе кәсіпорын нысанында тіркелген заңды тұлғалар, соның ішінде әлеуметтік қызмет көрсету субъектілері ғана қатыса алған.

Нәтижесінде тәркіленген көлік Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты істі тергеген Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) балансына берілді.

«2025 жылғы 13 қарашадағы өтінімдерді қарау нәтижелері туралы хаттама, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2025 жылғы 1 желтоқсандағы бұйрығы және 2025 жылғы 1 желтоқсандағы қабылдау-тапсыру актісі негізінде Lexus LX600 автокөлігі департамент есебінен ҚМА балансына берілді», – делінген жауапта.

Бұл іс бойынша тәркіленген өзге мүлік әзірге мемлекеттік органдарға берілмеген. Департаменттің мәліметінше, аталған нысандар:

  • құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың;
  • Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін, Президенттің, саяси қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органның қызметтік міндеттерін орындау үшін пайдаланылатын болады.

Дегенмен, қымбат көліктің агенттікке берілгені кей желі қолданушыларына ұнамады.

Желіде “агенттікке мұндай қымбат машинаның қажеті қанша? Отандық автопром көліктерін пайдаланбай ма? Мұны сатып, бір ауылдың жолын жөндеп берсін”, деген секілді пікірлер жазуда.

Наурыз айының соңында Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті тағы бір көлікті – мемлекеттік нөмірі 777KPK01 болатын қара түсті Mercedes-Benz S450 автокөлігін сатуға шығару туралы хабарландыру жариялады. Сауда 7 сәуірде басталады.

Еске салайық, Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ ол қайырымдылық пен мейірімділік үшін берілетін «Шапағат» медалінен айырылды. Сот үкімімен Перизат Қайрат пен оның анасынан 50 жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 1 млрд 582 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндіру міндеттелді. Бұдан бөлек, олар әрқайсысы 22 млн теңге мемлекеттік баж және 698 мың теңге сот шығындарын төлеуі тиіс.

Comments