«Сыртта қалған қазақ жай ғана статистика емес, ол – тағдыр»

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/EGnoeCOuBAzrnjVYbGPJnJxqpECtd2sXeGelBb1e.jpg

Уақыт өзгерген сайын көші-қон саясаты да жаңаша көзқарасты талап етуде. Қандас тағдыры – құр статистика емес, тар жол, тайғақ кешудегі тағдырлар тоғысы. Бүгінгі талап пен шектеудің ара-жігін ажырату – ұлттың болашағына тікелей әсер ететін пайым. Көші-қон саясаты, қазіргі бағыты туралы сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

Осы орайда қоғамда қызу талқыға түскен түйткілдер төңірегінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы филиалының басшысы, ақын Мұратхан Шоқанмен тілдестік. 

– Мұратхан аға, жуырда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы филиалына жетекші болып тағайындалдыңыз. Ерекше ерік-жігерді талап ететін, жауапкершілігі зор қызмет қой. Егемендік алғаннан кейін еліміздің түкпір-түкпіріне, оның ішінде Алатау бөктеріндегі Алматы қаласына сан мыңдаған қазақ ағылды. Кіндік жұртқа келген көштің маңызы туралы айтсаңыз. Кейінгі жылдары Қазақстан осы бір ұлы көшті саябырсытып алғандай көрінеді.

– Биыл қазақ көшіне – 35 жыл. Келер жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына да 35 жыл толмақ. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап бұл ұйым ұлт көшінің ұйытқысына айналып, атажұртқа ағылған ағайынға бағыт-бағдар беріп, көштің қарқынын күшейтуге өлшеусіз үлес қосты. 
Қандастармен бірге елге тек адам саны емес, ұлттың жаны оралды. Тіліміз тірілді, діліміз жаңғырды, салт-дәстүріміз қайта салтанат құрды. Мәдениет пен өнерде, ғылым мен білімде, кәсіп пен нәсіпте олардың қолтаңбасы айқын. «Мемлекеттің басты қазынасы – халық» десек, сол қазынаны еселеген де осы көш. Бүгінде елдің әр өңірінде еңбек етіп жүрген, аты алысқа кеткен азаматтардың арасында да қандастар аз емес.
Ендеше, Жаңа Қазақстан үшін көшті тоқтатпау – стратегиялық міндет. Көші-қон саясатына немқұрайлы қарау – ұлт болашағына салғырт қараумен тең.

– Биыл шеттен келетін қазақтарға талап күшейді. Қазақ тілінен емтихан тапсырады. Құжаттарын ресми органда бірнеше рет сүзгіден өткізеді. Заң жобасы қандастар көшінің кідіруіне себеп бола ма деген сауал отандастарымызды алаңдатып отыр.  

– Сыртта қалған қазақ жай ғана статистика емес, ол – тағдыр. Миллиондаған қандастардың туысы, бауыры әлі де шекара сыртында, атажұртқа аңсары ауып отыр. Осындай кезде Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақтарға тест тапсыруды міндеттеу – ақылға қонбайтын талап.  

Шетелдегі ағайынның жағдайын ескерейік, жасы бар, жасамысы бар – онлайн тестілеуге дайын емес. Тіпті ортақ үлгідегі әліпби жоқ, кириллицаны танымайды, қаріпті оқи алмайды. Тілді біледі, бірақ бірден төселіп кете алмайды.
Соның салдарынан қарапайым рәсім олар үшін алынбас қамалға айналып отыр. Ал осы әлсіздікті пайдаланған делдалдар қалтасын қампайтумен әлек. Бұл – тек бюрократиялық мәселе емес, нақты айтқанда, сенім мәселесі.

Әлеуметтік желіден қандастар мәселесін қозғап, дабыл қағып үлгеріпсіз...

– Жуырда Астанада өткен дөңгелек үстелде де осы түйткілдер ашық айтылды. Өкінішке қарай, көші-қон саласындағы кейбір ережелер көштің баяулауына ғана емес, елге келген қандастардың көңіліне сызат түсіруге себеп болып отыр. Өз еркімен келіп, өзегіне тебілгендей күй кешкен адамның көңілін суыту – сырттағы ағайынның да үмітін үзу. 
Ал үміті үзілген жұртты кім пайдаланып кетпейді?.. Сондықтан бұл мәселені созбалаңға салмай, батыл шешімдер қажет.
Әсіресе, Қытайдағы қазақтарға қолдау көрсету ауадай қажет. Өйткені әрбір қолдау – ассимиляцияға қарсы тосқауыл. Әрбір нақты қадам – алыстағы ағайынның үмітін тірілту. Бұл – жай көші-қон емес, бұл – ұлттың сақталу мәселесі.

Бір сөзбен айтқанда, қандастарды қолдау шараларын күшейту керек дейсіз ғой. 

– Шеттегі қазақтың бәрінің жағдайы бірдей емес. Бірінің  дәулеті бар, бірінің тұрмысы төмен. Бірінің мүмкіндігі зор, бірі – мұқтаж. Осыны мен бір өлеңімде былай жеткізген едім: 
Алатаудан ауған бұлт
Бізге жаумай өтпейді,
Бұлтай көшіп ел қашан
Атажұртқа беттейді?!
Беттер еді-ау көбінің,
Қолы аузына жетпейді…
Иә, қолы аузына жетпей жүргендер аз емес. Ал сол қиындықты бұзып-жарып, атажұртқа жеткенде, біз оларға сүйеніш бола алмасақ,  елдігімізге сын.

Қазақстанда барлық өңірде қандастарға квота беріле бермейді. Оған қоса елге оралған қазақтарды белгілі бір аймақтарға қоныстандыру жөнінде нақты талап қойылу керек деген ұсыныс-пікір айтылып жүр.

– Мемлекеттің сегіз өңірге орналастырып, қаржылай қолдау көрсетуі – құптарлық іс. Бірақ бәрін бір өлшемге салу дұрыс емес. Өз күнін өзі көре алатын азаматтарға таңдау еркіндігі берілуі тиіс. Олар қай өңірге барса да, азаматтық алуына кедергі болмауы керек. 

Бұл – әділет. Бұл – құқық. Бұл – мемлекет деңгейінің көрсеткіші.
Ал керісінше болса, онда Қазақстандағы адам құқығы туралы айту – бос сөзге айналады.

Күрмеулі мәселе көп, халықаралық ұйым қыруар шаруа атқарады деп сенеміз.

– «Ойда сиырдың мүйізі сынса, тауда бұғының мүйізі сырқырайды» дегендей, қандас мәселесі – бар қазақтың мәселесі. Оны сырттай бақылап отыратын емес, жүрекпен сезінетін уақыт келді. Мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы филиалына басшылық қызметке кірісіп жатырмын. Бұйырса, осы бағытта нақты істерге көшіп, жаңа жобалар арқылы ұлтқа қызмет етуді мақсат етемін.

Нұртай Алтайұлы

Comments