Наурызнама қарсаңында қолөнер шебері, құрақ көрпе жасап, Дүниежүзілік (GBR) рекордтар кітабына және Қазақстанның ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалығы - КинЭС кітабына еніп, талай аламан бәйгеде жүлделі орын иеленіп жүрген қолөнерші, көркем еңбек пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Жазира Сейітжановамен әңгімелескен едік. Шебер қолөнердің қыр-сырымен бөлісті.
– Қолөнер саласына қалай келдіңіз?
– Мойынқұм ауданында Наурыз мерекесіне байланысты көрмеге барған едім. Сол жерде құрап апарған көрпемді көріп жұртшылық қызығушылық білдіре бастады. Сөйтіп Мойынқұм ауданының Жазылбек Қуанышбаев атындағы орталық музейінде жұмыс жасайтын шебер Алмаш Таубазаровамен таныстым. Ол мені өздеріне, шеберлер ортасына шақырды. Содан бастап қолөнер саласына қарай бет бұра бастадық.
ЗАМАНАУИ РЕСУРСТАРДЫҢ КӨМЕГІ КӨП
– Қолөнер бұйымдарын қайдан, қалай үйреніп, дағдыландыңыз?
– Қазір адамзатқа қажетті дүниелердің біразы ғаламторда тұр. Білген адамға бүгінгі заманауи ресурстар өте пайдалы. Интернетті кәдеге жараттық деп айтсақ та болады. Яғни, құрақ тігу ісін ғаламтордан қарай отырып үйрендім. Ол кезде біздің ауылда интернет жоқтың қасы болатын. Сондықтан құрақты үйрену үшін таңертең ерте тұрып, ютуб арнасынан қарап, тігіп дағдыландым.
Ал «аламан құрақта» бізге арнайы сабақтар берілді. Осылайша Телеграмм каналынан дәріс алып, машықтанып алдық. Жалпы әлеуметтік желінің арқасында шеберлігімді шыңдадым деп айтар едім.
– Құрақтың қандай түрлері бар?
– Қолөнер шеберлінінің өзі бірнеше салаға бөлінеді. Соның ішінде біздер «ши құраққа» көбірек бейімделдік. Қазақ халқының қолөнер шеберлігінде құрақ тігудің түрлері көп. Бүгінде ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалған түрлері де бар. Дәлірек айтқанда, «құдық», «сыйластық», «амандасу», «төрт құбыла», «жұлдыз», «қарқаралы» деп бөлінеді.
Біз «ши құрақ» соның ішінде «сыйластық» деп аталатын құрағын көп қолданамыз. Сондай-ақ құрғақ жүн әдісі, фелтинг тәсілдері пайдаланылады.
Бір көрпеше тігу үшін 133,140 блоктан тұратын көрпе шығарамыз. Міне, осылай тындырымды істер жалғасады. Бұл өте майда, әрі ойды, зердені қажет ететін, шығармашылық қиял қосатын сала дегім келеді.
– Еңбек пәні мұғалімі екенсіз. Негізгі жұмыс пен қолөнерді ұштастыру қиын емес пе?
– Қолөнер мен көркем еңбекті ұштастыруға келсек өте қолайлы. Өйткені құрақ, печворк бізде 5-сыныпта нақты өтіледі. Біз қайта шығармашылықпен айналысу арқылы өнерімізді шыңдаймыз. Баланың қызығушылығын арттырып насихаттаймыз.
Егер білгенімізді 20-30 оқушыға түсіндірсек, соның жартысы қолөнерден хабардар болып шықса да, үлкен жетістік деп санаймыз. Соның арқасында ұлттық өнер өрістейді. Мүмкін келешекте оқушылар арасынан осы салаға қызығатындар шығып, іліп алып, маман атанар.

ҚҰРАҚ КӨРПЕ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК РЕКОРДТАР КІТАБЫНА ЕНДІ
– Қандай жетістіктерге қол жетті?
– Бұл сала маған көп игіліктерін алып келді. Өмір жолымда өз ісімді табуға септесті. Бір жағынан сан ғасырлар бойғы сақталып келе жатқан ұлттық өнер қайта түлегеніне қуанамын.
Жуырда Ш.Мұртаза университетінде болған Заманауи өнердегі жаңашылдық: шеберлік сыныптары негізінде шығармашылық көкжиектерді кеңейту тақырыбындағы облыстық Best Practices аясында шеберлік сағатын өткізіп 1-орын иелендім.
Таяуда Алматы қаласында орталық Ұлттық музейінде Халықаралық «Дала мәдениетінің жаһандық бейнесі» мәдени құндылықтарды дәріптеуде құрғақ жүннен шебердік сабағын өткіздім. Сонда біз секілді үлкен жастағы және жас жеткіншектердің де өнерге қызығып қарап менімен бірлесіп жұмыс жасағандарына куә болдым.
Дүниежүзі көшпенділер ойынына қатысқанымызға сертификат да берілді. 2024 жылы «Дүниежүзілік көшпенділер ойыны» ұйымдастырылды.
2025 жылы Алматы қаласындағы Медеу мұзайдынында 660 құрақшы қатысып GBR Global book of records орнаттық. Сөйтіп «Дүниежүзілік рекордтар кітабына» халқымыздың құрақ көрпе тігу өнерін кіргіздік. Осындай игі істердің арқасында мерейіміз үстем болып, әлемге қазақтың ұлттық қолөнер саласын паш еттік.

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ НАСИХАТТАУ КЕРЕК
– Жастарды қолөнер саласына қызықтыру үшін не істеу керек?
– Қолөнер саласына қызығатын жастар көп деп айта алмас едім. Бірақ шағын ауылда мені тыңдайтын, менімен жұмыс жасағысы келетін шәкірттерім баршылық. Өзіме жақын жүрген жандарға қолымнан келгенін үйретіп, білгенімізбен бөлісіп жүрген жағдайымыз бар.
Әйткенмен, қолөнерді қазіргі жастардың түсінуі өте қиын. Бірақ насихаттап әлеуметтік желілерге жүктесек, ұлттық құндылығымызға қызығушылықтары арта түсер деген ойдамын.

– Мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
– «Аламан құрақ» қазақстандық құрақшылардың өз еңбегінен істеліп жатыр. Қажырлы еңбектің арқасында ұлттық мұрамызды көтеруді көздейміз. Қазақтың ұмытылып бара жатқан «ши құрағын» жаңғыртып, еліміздің әр өңірінде іс-шаралар өткізіп, насихаттап жүрген жайымыз бар. Әзірге бар қаражат өз тарапымыздан болып тұр.
Кей өңірлерде аудан, облыс әкімшілігінен өнерді бағалайтын кісілер де табылып жатыр. Қаржылай көмек көрсетіп, қолдау білдіретін жомарт жандар кездеседі. Шыны керек, қолы ашық, біздің салаға жанашырлық танытып жүрген кісілер әзірге некен-саяқ.
Биыл Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев мырзаның кездесуінде, Тараз қаласының «Баласағұн» мәдениет сарайында концерттік кеш өтіп, сонда Жамбыл облысының 60 құрақшысына қошемет көрсетілді.
Сонымен қатар 60 құрақшыға сертификат табыстады. Ал мемлекет тарапынан жағдай жасалса нұр үстіне нұр. Егер қолға алсақ шеберлерді ғана қолданамыз емес, тұтас ұлттың қолөнерге жағдай жасап, қамқорлық танытып, өскелең ұрпақтың рухани һәм материалдық мәдениетін ойлағанымыз болар еді.
– Нақты қандай істерді қолға алған жөн?
– Қолөнерді дамыту үшін ұлттық өнерге барынша қолдау керек. Себебі ұлттық құндылықты ұмытпай өз қаражатымызбен дәріптеп жүрген қолөнершілерге мемлекет тарапынан қолдау жетісе бермейтіні айқын. Соның салдарынан қарқынды дамыту әзірге оңайға соқпайды.
Егер мемлекет тарапынан арнайы гранттар, бизнес жобаларға қолөнер саласы да бөлінсе құба-құп болар еді. Бәлкім, субсидия қарастырылып арнаулы техникалық база, құрал жабдықтар қамтамасыз етілсе, қазақтың қолөнері дамиды. Сонда Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай өнімдеріне тәуелді болмаймыз. Осылайша қазақтың ежелден қалыптасқан қолөнер саласын жаңартып, осы заманға лайықтап, түрлі бұйымдар жасауға жол ашылады.
– Көп рахмет!


Әңгімелескен Олжас Жолдыбай
The delegation of senates of Kazakhstan and Uzbekistan got acquainted with the work of the fish processing plant "Aral SeaFood"
