«Балаңыз дайын болмаса, шет елге оқуға жібермеңіз!»

137
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4URlcF64C9IiZF90GmOC1MclZbUQvHt7K7Q99OFM.jpg

Бұрын шет елде дарынды түлектер немесе бай ата-ананың балалары ғана оқыса, бүгінде өзге мемлекетте білім алуға мектептің кез келген түлегі талаптана алатын заман туған.

Түркиядан бастап Малайзияға дейінгі елдер сондай – білім деңгейі де, әлеуметтік жағдайы да орташа топқа жататын жастарға таптырмас мүмкіндіктей көрінеді. Алайда ол салада айтылмай келе жатқан қандай түйткілдер бар? Ата-аналар нені білуі керек, мектепті жаңа бітірген жас түлек нені түсінгені абзал? Осы туралы Малайзияда тұратын білім кеңесшісі Мәншүк Орынғали өзінің экслюзивті сұхбатында баяндайды.

– Мәншүк, сіздің еліміздегі ең іргелі педагогикалық оқу орнының Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі екеніңізді білеміз. Малайзияда тұрып жатқаныңызға қанша болды? Бұл жаққа келуіңізге не түрткі болған еді?

– Малайзияда тұрып жатқаныма 18 жыл болды. Ештеңе жайдан жай емес шығар. Тағдырыма осы елде тұру жазылған деп ойлаймын. Бұл жаққа келуіме түрткі болған басты себеп – білімімді шыңдасам, өмірден өз жолымды тапсам, жеке тұлға болып қалыптассам деген мақсаттағы ізденістер дер едім. Содан кейін түрлі себеппен тұрақтап қалдым.

– Малайзияда қандай салада, қай мекемелерде кім болып жұмыс істедіңіз? Ол жақтың жұмыс тәжірибесі сізге не берді?

– Мен 2009 жылдан бастап  білім саласында жұмыс істеп келемін. 2009-2016 жылдары Limkokwing University of Creative Technology атты білім ордасының Халықаралық маркетинг департаментінде қызмет атқарып, менеджерлікке дейін көтерілдім. Орталық Азия мен Ресей аумағына жауап бердім. Сол жұмысымдағы міндетім – жыл сайын жаңа студенттерді жинау, яғни аталған университеттің қызметін ата-анаға, студентке, агенттіктерге сату болды. Бізге жаңа ата-аналар мен жаңа студенттерге университеттің кемшіліктерін, студенттердің проблемаларын ашық айтуға болмайтын еді. Әрбір аймақ бойынша қамтылуы тиіс сан белгіленетін. Мәселен, біздің бөлімге жыл сайын ақылы негізде 200 жаңа студент жинау тапсырылатын, бірақ іс жүзінде  ол тек 80-100  адамға зорға толатын. Бұл – жеке университет. Жұмыста мені таңнан кешке дейін үнемі белгілі бір студенттер мен агенттер іздеп жүретін, өйткені олар әрбір жіберген студент үшін университеттен ақы алды. (Ол кезде де, қазір де ол сомма 3 000 -15 000 рингит аралығы. Теңгеге шақсақ, 380 000 - 2 млн теңге аралығы). Жыл сайын біз Қазақстанға, Қырғызстанға, Татарстанға, Әзербайжанға, Өзбекстанға және Тәжікстанға барып, білім көрмелеріне қатысатынбыз. Қазір де жағдай дәл сондай, Қазақстанға жауапты қазақ студенттері бар, олар міндетіне сай, жанталасып студент табуға тырысады.

– Қазіргі негізгі жұмысыңыздың бірі шетелге оқуға түсу бойынша кеңес беру екен. Осы жылдары шамамен қанша жас өрен cіздің қызметке жүгінді?

– Дұрыс айтасыз, сондай кеңес берумен айналысамын. Бірақ университет шеңберінде емес, жекеге шығып кеттім. Жылына шамамен 20-30 студент менің қызметіме жүгінетін шығар. Олардың барлығы оқуға түспейді, әрине. Тек соны бес-оны ғана осында студент атанады. Ал жалпы  осы күнге дейін мен арқылы түскен студенттердің саны 200-ден асты.

– Бұл жұмыстың жауапкершілігі жоғары шығар? Қандай мәселе ең қиыны дер едіңіз?

– Жауапкершілік жоғары. Ең басты проблема әлсіз абитуриентті бакалавриатқа түсіріп, 3-4 жылға шет елге оқуға жіберу дер едім. Мен оны үлкен қателік деп санаймын. Бұл жерде мен студенттерді  білімі бойынша әлсіз деп тұрғаным жоқ. Мен айтып отырған әлсіз категорияға кімдер жатады? Егер бала өте сезімтал болса, мектепте достары көп болмаса, адамдармен сөйлесуден қашқақтаса, ішкі жан жарасы болса, тұйық және өз ойын ашық айта алмайтын адам саналса және осыған қоса Қазақстандағы мектебінде нашарлау оқып, өз елімізде оқуға түсе алмаған деңгеймен келсе, міне, сол үміткер әлсіз, осал топқа автоматты түрде енеді. Мен сондай балалар үшін жаным ауырады, шын жүрегіммен аяймын, оларды қорғағым келеді. Қазіргі балалар біздің кезіміздегі балалар сияқты емес. Олар тым бөлек. Өзімнің көзім жеткен, өз тәжірибеме сүйенген бір ащы шындықты айтайын: неге екенін білмеймін, бірақ қазіргі мектеп бітіріп, оқуға түсіп жатқан балалардың бір бөлігінің қолдарынан ешнәрсе келе қоймайды. Мәселен, олар бөтен адамға барып, көмек сұрай алмайды, сөйлесуден қашқақтайды, тек қолындағы телефонға үңіліп, сондағы қосымшамен ғана тілдесуге зауқы бар. Ал осындай бала қалай шет елде, басқа тілдік ортада, басқа мәдениетте, өмірі көрмеген шет елдердің студенттерімен бірге жалғыз жүріп, сабақ оқи алуы мүмкін? Әрине, университет студенттің құжатын тексеріп барып қабылдайды. Егер баланың аттестаты тым жаман  болмаса, IELTS ең құрығанда  5.5-6.0 аралығы болса, бала ақылы оқуға үміттене алады. Таңдаған мамандығы (Foundation in Business, Foundation in IT, Foundation in Tourism және т.б.) қиын бағдарлама болмаса болмаса, тіпті емін-еркін түседі.

Бірақ солардың кейбірінің қалай қиналып жүргенін, ата-анасының үмітінің ақталмай жатқанын күн сайын көргенде, жаның ашиды. Бұл –  көбіне ата-ананың шешімі, негізі. Олардың көбінің ойынша, бұл қадам – баланы үлкен өмірге, жарқын болашаққа дайындау. «Неліктен біз дәл сол ақшаны Қазақстандағы онша аты жоқ университетке беруіміз керек?», «Қазақстанның болашағы жоқ сияқты...», «Кімге керек отандық диплом?..» деген ата-аналарды көрдім. Егер баланы жалғыз шет елге жіберсе, ол өзгереді, өседі, тәртіпке бағынып, жауапкершілігі артады деп үміттенеді. Бірақ өкінішке қарай, өмірде керісінше болып жататын сәт аз емес.

– Ондай қиындыққа тап болмас үшін не қажет, сіздіңше?

– Бірден айта кетейін, менде жастар білім алмасын немесе шет елде оқымасын деген ой мүлдем жоқ. Мәселе  сол, шет елге оқуға кез келген мектеп түлегі дайын ба деген сұраққа келіп тіреледі. Егер балалар ата-анасымен бірге әлемді аралап, неше түрлі ел көріп жүрген болса, ол тамаша тәжірибенің зор пайдасы болады. Сондай-ақ  мектеп шағында баланың ағылшын тілін дамыту үшін шетелге жазғы лагерлерге жіберуге болады, сол жердің өзінде-ақ бала өзін қалай ұстайтыны көрінеді. Негізінде, қазір Қазақстанның білімі де жаман емес дер едім.  Жасанды интеллект дәуірі келген уақытта, студент үшін оқу  деген бір жағынан оңай, екінші жағынан өте қиын. Қазақстанда бакалавриатты бітіргені әлдеқайда жақсы болар еді: бала өседі, ақылы толысады, ойы қалыптасады, саналы азаматқа айналады, сол кезде өзі әрі қарай Post-Graduate бадарламаларын (магистратура, докторантура, постдокторантура) оқығысы келсе, шет елге шығып, оқи алады.

– Бұрын шетелде оқу бойынша кеңес беретін консультанттар саусақпен санарлық еді, әрі ондай міндетті өз тәжірибесіне сүйене алатындар ғана алатын. Ал қазір не көп, оқуға түсу бойынша ақыл айтқыш ақылы агенттік көп. Ол оңай іс пе?

– Иә, агенттіктер көп. Бірі ашылып жатыр, бірі жабылып жатыр. Ұзақ уақыт бойы тоқтамай жұмыс істеп келе жатқан нағыз жақсы агенттіктер аз. Мен қандай агенттікті жақсыға жатқызар едім? Ата-анаға, абитуриентке жағдайды объективті айтып, шындықты баяндап, кемшін тұстарын да, тәуекелдерді де жасырмауы тиіс. Шындығын айтсам, Қазақстаннан келіп, қазір Малайзияда тұратын адамдардың бір бөлігі осы жұмыспен айналысады. Бұл саланы толыққанды білмей тұрып, бірден ағылшын курсына студенттерді жинап, бір жекеменшік университетті жарнамалауға кірісіп кету – қателік. Өйткені ондай ақпаратты үлкен аудиториясы бар блогер айтса, қаншама адам көріп, соған сеніп қалуы мүмкін. Бұл жұмыстың көзге көрінбейтін қиындықтары өте көп. Әрбір келген балаға жауап беру оңай емес. Бұдан жеке университеттің бәрі жаман екен, тек пайданы ойлайды деп түсінбеу керек, әрине.  Олардың көбі өте жақсы білім береді, тіпті мемлекеттік университеттермен салыстырғанда, заманауи инновация, IT/animation студиялары мықты, оқытушылары да сол саланың мықты өкілдері. 

– Ашығын айтпаған агенттіктің жарқылдаған жарнамасымен оқуға түсіп кеткен Қазақстаннан барған студенттер қандай қиындықтарға тап болып жатыр? Шынайы өмір қандай?

– Мен мұнда келіп жатқан қазақстандық студенттерді 3 категорияға бөлер едім. 1) Пысық, алғыр, мықты студенттер. Оларға бір рет айтып бердің бе, әрі қарай өздері алып кетеді, олардың барлығы да өте жақсы оқиды деп айта алмаймын, бірақ олар төзімді, жаңа ортаға тез бейімделеді, түсінбесе сұраудан ұялмайды, жергілікті малай, қытай, үндіс халқымен тіл табыса алады. 2) Орташа студенттер. Бұндайлар сабағына барады, оқығысы келеді, айтқанды істейді, бірақ оларға оқу қиын: берілген жеке немесе топтық тапсырмаларды жасауда қиналады, кейде әлеуеті мен дайындығы жетпейді. Олар қаржылық жағдайы болса, тапсырмаларын ақшаға жасатып жатады. Әрбір қорытынды тапсырмасын біреуге төлеп жасатса, шамамен 1000 RM, яғни 128 775 теңге шамасында тұрады десек болады. Бұл студенттер оқуға оңай университеттерді таңдайды немесе кейінірек сондайларына ауысып алады. Қазір бізде, яғни Малайзияда экзамен тапсыруды қажет етпейтін оқу бағдарламалары да бар, тек тапсырма (assignment) өткізеді, сонымен болды. Соңында әйтеуір дипломын алып шығады деген сөз. 3) Әлсіз студенттер. Бұл категорияға жататын жастардың сабаққа баруға да мотивациясы жоқ:  тіпті кейде ұйқыдан тұрып, тамақ ішіп, таза ауаға шығуға да энергиясы жетпейді, бөлмелері өте лас. Ондайлар ешкімді көргісі келмейді, көбіне бөлмесінен де шықпайды (ата-аналары да хабарын білгісі келіп, әрдайым іздеп жатады). Кейбірінің 1-2 досы болса, түнімен қыдырып жоғалып кетуі мүмкін, телефоны алғысы келмейді. Бұндай студенттер сабаққа бармаса, университет міндетті түрде іздейді: ата-анаға, сол студентті әкелген агентке поштамен хабарлайды. Үш рет ескерту береді, сосын студенттік визасын жауып тастауға дейін барады. Бала соңында абыройсыз болып, өз еліне қайтады.

– Баласын шетелге оқуға түсіру – еліміздегі көп ата-ананың арманы. Бәрі бірдей АҚШ пен Англияға оқуға түсіре алмайтынын біледі: өйткені ол жақта өмір сүру, оқу ақысы және оқуға түсу балы жоғары. Ал Малайзияға көбіне кімдер түскісі келеді?

– Малайзияға мұсылман елі, әрі ағылшыны дамыған деп қызығып жатады. Оның үстіне танымал мемлекет Сингапурдың қасында болғандықтан, елдің аты жақсы, қауіпсіз және оқуы қолжетімді болғандықтан таңдайды. Бұл жақта университеттер де бөлінеді: 1) Түсу талабы өте жоғары университеттер. Түсу мүмкін емес деуге  де болады. Ол жерге түсу де қиын, оқу да қиын. 2) Орта деңгейлі университеттер. Ақылы түсуге болады, оқу барысы аса қиын емес. 3) Оқуға өте оңай университеттер. Бұл топтағыларға ақшасы бардың бәрі түсе алады. Әлеуметтік желідегі агенттіктер мемлекеттік университеттермен көбінесе жұмыс істемейді және грант (full scholarship) берумен айналыспайды. Неге? Өйткені олардың беретін комиссиясы өте төмен, ал кейбір мықты университеттер мүлдем комиссия төлемейді. Ол жерге түсу процесі ұзақ және студент немесе агент бәрін өзі жасауы керек: online portal толтыру, құжаттарды сол жерге салу, визаны EMGS арқылы тапсыру. Сондықтан агентттік студенттің өзінен осы жұмысы үшін ақша алады. Бірақ оқуға түсіп кетуі белгісіз. Кепілдік жоқ. Ал грантқа түсіріп берейін деп агенттік терлей қоймайды, өйткені ол ісі үшін университет ештеңе төлемейді. Кейде кейбір агенттіктер осылай тапсыру мүмкіндігін «грант» деп сатуы мүмкін. Мұндайда менің кеңесім сол, студент өзі тікелей университетке тапсырып, грантты алуға тырмыссын. Бұл жақта толық 100% scholarship алу қиын. Тек 20%-50% шығынды жабатын гранттар ғана бар. Ал егер студент өзі мемлекеттік университеттерге жазып, хабарын тым ұзақ күтсе, олардан 2 айдан аса хабар келмесе, студентті оқуға алған жоқ деген сөз. Университет тіпті себебін айтпауы да мүмкін. Сосын сондай студент агенттікке барып көмек сұрап жатады. Осы жерде агенттік дереу басқа университеттерді студентке ұсынады, өйткені өздеріне пайда табуды ғана ойлайды. Қай жеке университеттің төлейтін комиссиясы жоғары, сол университетті жаңағы студентке мақтай бастайды. Тіпті ата-анасына да мақтап-мақтап, өз мақсаттарына жетеді. Яғни көптеген ата-аналар сене қояды, ал өздері  қосымша тексеруді қажет деп таппайтыны өкінішті.

– Малайзияда оқудың түйткілдері туралы нақты мысалмен айта аласыз ба?

– Өзім жеке куә болған 2 студенттің  басынан жақында өткен оқиғаны айтып берейін. А. деген студент electrical engineering бакалавриатына, оқуы қиын университетке ақылы негізде оқуға түсті. Бұл студент оқуды жақсы алып жүрді. Бағдарламасы қиын болса да, бір жарым жылдай оқыды. Кейін мамасы менімен хабарласып, көмек сұрады, баласының қиналып жүргенін, Қазақстанға қайтқысы келетінін айтты. Мен барып, студентпен сөйлестім. Өте арықтап, жүдеп кетіпті. «Маған тамақ батпайды, тамақтың иісі жүрегімді алады, тек күніне бір рет ботқа жеп, кофе ішемін», деді. Бұл студент интроверт, яғни тұйықтау екен, ал сабақтағы тобының 80 пайызын жергіліктілер және Қытайдан келген қытайлықтар құраған. Олардың бәрі өз тілдерінде сөйлескендіктен, бұл студенттің ол жерде араласар досы жоқ, ешкім оған мән бермейді, тіпті сыртынан сөйлейді екен. Ол ренжиді, бірақ ешнәрсе істей алмайды. (Кезінде өзім де осында оқыған кезде 70% топтасым Африкадан келгендер еді, бірақ мәдениеті мүлдем бөлек олармен тіл табыстым, өйткені менің басқа амалым болмады). Оның айтуы бойынша, күннен күнге жағдайы нашарлай берген. Қолының бір сүйегі жоғары шығып кеткен, оған ота жасау керек деген. Университет визасын жаңартқысы келмеген, өйткені ол кейбір сабақтарға әдейі бармаған. Содан оған психиатрға бару керек депті. Ол барған, бірақ бір-ақ рет көрген дәрігер ауыр диагноз қойып, біраз дәрі тағайындаған. Оларды ішсе, түнде дем ала алмаған, тиісінше ұйқысы да бұзылған. Әкесінің ойы бойынша, бұл – коммуникация проблемасы, факультетке айту керек, ал анасы қызының Қазақстанға қайтуына қарсы емес. Әйтеуір, соңында бұл студент аман-есен елге кетті. Бірақ оқуын аяқтаған жоқ. Қазақстандағы университетке ауысты. Байқап тұрғаныңыздай, бұл жерде студент жақсы оқыса да, психологиялық тұрғыдан әлсіз болып тұр. Келесі бір Ә. деген екінші студент мектеп бітіре сала Малайзияға келген. IELTS көрсеткіші жақсы, 6.5 балл. Бірақ аттестаттағы бағалары нашарлау. Бұл студентте social phobia бар, яғни адамдармен сөйлесуден қашқақтайды, тіпті адамның көзіне тіке қарауға қорқады. Сөйлегені баяу, оны ешкім ести қоймайды. Ата-анасы толық бір жылға фаундейшн төлеп қойды. Мен оны университетке тіркеп бердім, оған тек сабаққа бару ғана қалған. Бірақ... Дәрістерге бару оған өте қиын болды. Университетке кірсе, әртүрлі елдерден келген, ығы-жығы студенттер, бұл оған кәдімгідей стресс еді. Ол өзі оқығысы келеді, сабаққа барғысы келеді, бірақ бара алмайды. Егер үлкен аудиторияда лекция болып жатса, ал ол аздап кешігіп қалса, кіруге де ұялады, өйткені бәрі оған қарайтындай қысылады. Сабақтағы мұғалімнің акцентін де мүлдем түсінбей қиналды. Тіпті студенттің ағылшыны жақсы болып саналса да, ұға алмады. Ойлап көріңізші, егер балаға Қазақстанның мектебінің өзінде оқу қиын болған болса ол қалай шет елде оңай оқи алуы мүмкін? Бір адамды тоқтатып, көмек сұрау – бұл балаға мүмкін емес нәрсе.

Ақыры ол студентте депрессия басталды: өз бөлмесінен шықпайды, телефонға жауап бермейді. Мамасы, әжесі іздеп, уайымдады. Бұл студент тіпті жоғары қабаттан төменге түсіп, дайын асханаға барып, тамағын да ішуге дәрменсіз болды ғой. Тек телефоны арқылы «Grab food delivery»,  «McDonald’s» тапсырыс береді. Ата-анасы оған ақшалай жағдайын жасап берді, төлей қоятын карточкасы бар, қолында телефоны бар, бітті. Біз бәріміз де оған далаға шығуын, көрші студенттермен бірге уақыт өткізуін, қаланы аралуын  айттық. Бірақ оны жасауға оның ішкі мотивациясы жетпеді. Қазақстанда да, ол бала тек үйде отырған, бар жағдайын ата-анасы жасап берген. Ол ешнәрсе жасап көрмеген. Асыр салып ойнамаған да шығар. Содан бұл студент те оқи алмады, ал оқуына төлеген ақшаны қайтармады, өйткені визасын жауып кеткен жоқ. Бәрін тастады да, бірден елге кетіп қалды. 2024 жылы бір қазақстандық студент грантқа түскен еді, бірақ оқуы қиын болған деп естідім. Кейін уақытында ауруханаға бармағандықтан, дәрігерлер дұрыс қарамағандықтан, қаза тапқанын білдім…

– Иә... Ауыр жағдай екен... Осы тұста ата-аналарға не айтар едіңіз?

– Көптеген ата-ана туысқандардың алдындағы репутациясын, ел- жұрттың пікірін ғана ойлайтын сияқты. «Балам оқи алмай қайтып келді, қандай ұят… Қай бетімізбен қараймыз? Бастаған соң, не болса да оқу керек. Шыдасын!» Сондай пікір басып кетеді.  Ал баланың денсаулығы, оның психологиялық ахуалы екінші орынға түсіп қалады. Маған салса, ата-ананың өзін шет елге оқуға жіберер едім. Өздері баланы алдын-ала дайындауға ден қойып, көңіл бөлмейді де, сосын салдарын  мойындай алмай қиналады. Егер баласын жеке басын алып жүре алатындай дербес, тәртіпті етіп кішкентай кезінен тәрбиелей алмаса, соңында шет елге оқуға түсіргенде, жағдай тіпті ушығатынын түсінуі керек. Бала дайын болмаса, шет елге оқуға жібермеңіз. Ал өсіп кеткен баланы мәжбүрлеу, оған зекіп ұрысу немесе түбегейлі өзгертемін деп талпыну аса дұрыс емес деп ойлаймын. Егер баланың өзі шет елде оқығысы келмесе, өзінің ойын айтқан кезде, біз, ересектер, оны тыңдап, түсінуіміз керек.

– Өте маңызды дүниені айтып отырсыз... Ал Малайзияда оқуын сәті аяқтап кеткен студенттердің өмірі қалай жалғасып жатады, хабар алып тұрасыз ба?

– Иә, студент бакалавриатты Малайзияда аяқтап, Қазақстанға қайтқан кезде, елде жақсы жұмыс тауып кетуі қиын болып жатады. Неге? Өйткені студент ағылшынша оқып келді, басқа мәдениетті, мүлдем басқа құндылықтарды сіңірді. Енді ол қайтадан Қазақстан жүйесіне үйренуі керек болады. Тіпті, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы бөлек. Мына жақта адамдар жұмсақтау, халық әлдеқайда сабырлы, заңмен өмір сүріп үйренген, ешкімге ешкім тиіспейді. Өзімнің жеке басымнан өткен мысалды айта аламын: Алматыда «Сапсан» деп аталатын жеке франшизасын сататын, мектеп оқушыларына қосымша сабақтар ұсынатын мекемеге жұмысқа кірдім. Дегенмен үш айдан кейін мені жұмыстан шығарып жіберді, өйткені мен орыс тілді клиенттерге  өте жылдам жауап бермеген екенмін. Әрине, қазір көп отандасымыз шет елге шығу, шет елде тұру, шет елге көшіп кету, шет елге оқуға жіберу деген тақырыптарға қызығады. Бұл тенденцияның плюстері мен минустары да барын ұмытпайық. Алайда сол адам шет елде тұра бастағанда, өз елін, өз Отанын қадірлей бастайды. Мәселен, сізге Қазақстанда еркін жүріп, өмір сүру үшін ешқандай рұқсат керек емес. Сізге виза қажетсіз. Өйткені сіз Қазақстан азаматысыз. Сіз тіпті жұмыс істемей, үйде жатсаңыз да болады. Ал шет елде олай жата алмайсыз. Шет елде ат басындай алтын жоқ. Егер сіз Қазақстанда жақсы өмір сүре алмасаңыз, шет елде күшті өмір сүремін деп ойлау – бос иллюзия. Шет елде тұратын экспаттар, бәріміз де келешекте өз елдерімізге қайтамыз. Малайзияда азаматтық бермейді, ал ПМЖ алу мүмкін емес деуге болады. Бұл жақта 34 миллион халық тұрады, жері  де үлкен емес. Сол себепті әркім өз қалауын, қолындағы барын, мүмкіндігін, әлеуетін және келешегін дұрыстап анықтап алғаны жөн деп санаймын.

– Өзіңіз көрген, өзіңіз түйген шынайы, деректі  және жанашырлықпен айтылған ақпаратыңыз үшін көп рақмет! Қазақстанда ұл-қыз өсіріп отырған мыңдаған ата-анаға  пайдасы тиеді деп сенемін.

– Көкейдегі түйткілді тарқатуға мүмкіндік берген, Алма, сізге де үлкен рақметімді айтқым келеді. Өйткені осы мәселені көтерейікші деп көптеген блогер мен журналиске хабарласқанмын, бірақ нәтижесіз болды. Бұл сұхбат мен туралы емес, өскелең ұрпақтың жай-күйі туралы ғой. Мен баяндап өткен екі студенттің басынан өткен оқиға бәрімізге де сабақ болса екен. Алдын алуға күш салсақ екен. Қазақстан азаматы ретінде, халыққа жеткізу парызым деп санадым.

Алма Сайлауқызы

Ұлыбритания-Малайзия

Comments