Конституциялық комиссия теңгені Конституция деңгейінде бекітуді қолдады

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pTSPuyiG56CJMpwnRfrafXuKDdkVRdUPEpuhXwUJ.jpg

Қазақстанда теңгені ұлттық валюта ретінде Конституция деңгейінде бекіту туралы ұсыныс қолдау тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Конституциялық комиссияның тоғызыншы отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді.

Оның айтуынша, аталған бастама жаңа Конституция жобасында нақты көрініс табады. Атап айтқанда, жобаға Конституцияның 2-бабын жаңа 6-тармақпен толықтыру ұсынылған. Онда Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге екені және теңгені эмиссиялау құқығы тек Қазақстан Республикасына тиесілі екені көрсетіледі.

Бақыт Нұрмұхановтың сөзінше, теңгенің мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс бұған дейін комиссия отырыстарында талқыланған. Бұл мәселе Мәжіліс депутаттары Айдарбек Қожаназаров пен Нұртай Сәбилянов тарапынан көтерілген. Сонымен қатар, азаматтардан түскен өтініштер мен ұсыныстарда да ұлттық валютаның мәртебесін нақтылау қажеттігі айтылған.

Айта кетейік, Конституциялық комиссия жаңа Конституция жобасын жетілдіру бағытында бірқатар нормаларды қарастырып жатыр. 

Comments