Фото: ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Алматыда сот тәркіленуге жататын мүлікті заңсыз иемдену мақсатында «жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына» жалған деректер енгізгені үшін бір топ адамға үкім шығарды. Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
«Алматы қаласында мемлекет пайдасына тәркілеуге жататын мүлікті иемдену мақсатында «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған адамдар тобына қатысты сот үкімі шықты», - делінген хабарламада.
Бұған дейін қаржылық мониторинг агенттігі Коспаевтың басшылығымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтаған. Аталған топ «AV-Construction» ЖШС, «Стекольный завод» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алу фактілері бойынша әшкереленген.
Соттың шешімімен тәркілеу мақсатында Алматы қаласындағы «Никольский» базары аумағында орналасқан «Nikolsky Investment» ЖШС-не тиесілі жер телімі мен мүлкіне тыйым салынған.
«Алайда 2025 жылдың қыркүйек айында Аслан Пухаев, Антон Соловьёв пен Жақсылық Сәрсенбаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізу арқылы аталған тыйымды заңсыз алып тастауды ұйымдастырған. Кейіннен жалпы құны Т2,2 млрд болатын мүлік пен жер телімін әрі қарай сату мақсатында жалған тұлғалардың атына қайта рәсімделген», - деп атап өтті агенттік.
Сот кінәлілерге алты жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді. Мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.
"First I made it for my wife". Transcribe.kz is an application that captures the Kazakh voice into text