Тағы бір елде балалардың әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салынбақ

334
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PpVbHdRf3e9xbbcWhSv2fLY2lH2hzDDg57wABwPx.jpg

Испания 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне тыйым салмақ. Бұл туралы елдің премьер-министрі Педро Санчес айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Үкімет басшысы бұл туралы 3 ақпан күні Дубайда өткен Дүниежүзілік үкіметтік саммиттің пленарлық отырысында мәлімдеген.

«Платформалар жас мөлшерін тексерудің тиімді жүйелерін енгізуге міндетті болады. Жай ғана формальды емес, нақты жұмыс істейтін кедергілер болуы керек», — деді Санчес.

Оның айтуынша, Испания кәмелетке толмағандарды «цифрлық жабайы батыстан» қорғауды көздейді. Politico басылымының хабарлауынша, бұл тыйымды Испания Министрлер кеңесі келесі аптада мақұлдайды. Жаңа түзету 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларға цифрлық платформаларда тіркелуге тікелей тыйым салады.

Бұл жаңашылдық Санчес қажет деп санайтын цифрлық кеңістікті «қайта бақылауға алу» шараларының кең пакеті аясында енгізілмек.

«Үкімет улы контенттің таралуына көз жұма қарауды тоқтатуы тиіс», — деді ол.

Балалардың смартфондар мен әлеуметтік желілерге тәуелділігі олардың психикалық денсаулығына кері әсер етеді деген алаңдаушылық басқа елдерде де бар. Мысалы Дания 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды жоспарлап отыр.

Еуропалық деңгейде Еурокомиссия YouTube пен Snapchat сияқты платформалардың цифрлық қызметтер туралы заң (DSA) талаптарына сәйкес кәмелетке толмағандарды қорғауын тексеретінін мәлімдеді.

Париж осындай тыйымды енгізуді қыркүйек айынан бастамақ. Португалияда биліктегі Социал-демократиялық партия 2 ақпанда балалардың 16 жасқа дейін әлеуметтік желілерге кіруі үшін ата-анасының келісімін міндеттейтін заң жобасын ұсынды.

Ал Австралия әлемде алғаш болып 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған ел атанды. Бұл заң 2024 жылдың қарашасында қабылданып, 2025 жылдың 10 желтоқсанынан бастап күшіне енді.

Comments