Ресей әскерлері бүгін, 1 ақпанда, Запорожье қаласына дрондармен жаппай шабуыл жасады. Қаладағы перзентханаға тиген соққы салдарынан кемінде 6 адам жарақат алды, олардың ішінде шабуыл кезінде тексерісте болған екі әйел бар. Бұл туралы Telegram желісінде Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Иван Федоров хабарлап, шабуыл салдарын көрсететін фото және видеоларды жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.
Кейінірек облыс басшысы қалаға екінші толқын шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
«Ресейдің кезекті ұшқышсыз аппараты қаланың бір ауданында жарылды. Алдын ала мәлімет бойынша, үш адам жарақат алған, олардың арасында жас бала бар», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ Федоров Запорожье облысына және әуе дабылы жарияланған Украинаның басқа өңірлеріне баллистикалық зымырандар мен басқарылатын авиациялық бомбалар қолданылу қаупі бар екенін ескертті. Жарияланған сәтте қосымша мәлімет берілген жоқ.
“Осы күні Ресей шабуылы салдарынан Днепр қаласында бір ер адам мен бір әйел қаза тапты”, деп хабарлады Telegram-да Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжа.
ВВС-дан түскен соңғы мәліметке қарағанда, Днепропетровск облысында ауысымнан қайтып келе жатқан кеншілерді тасымалдайтын автобусқа да дрон шабуылы жасалған. Прокуратура 12 адамның қаза тапқанын хабарлады.
Бір жеке тұрғын үй толық қирап, тағы екеуі зақымданған.
Сонымен қатар, Никополь ауданында артиллерия мен дрондардан болған атқылау салдарынан екі көпқабатты және төрт жеке тұрғын үй, кафе, бірнеше дүкен, автокөліктер, газ құбыры мен электр желісі бүлінген.
Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері таратқан таңғы мәліметке сәйкес, Ресей әскерлері түн ішінде Украинаның солтүстігі мен шығысына 90 ұшқышсыз аппарат қолданған, оның 60-ы Shahed дрондары болған. Ұшырылымдар Орел, Брянск, Курск, Приморско-Ахтарск және Донецк бағыттарынан жүзеге асырылған.
Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері 76 соққы дронын жойған.
«9 нүктеде 14 соққы беруші БПЛА-ның тікелей тигені, сондай-ақ 2 нүктеде атып түсірілген дрондардың сынықтары құлағаны тіркелді», — делінген әскери хабарламада.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00 шамасында Украина Әуе күштері Курск облысынан баллистикалық қару қолдану қаупі бар екенін және ресейлік дрондардың Киев, Сумы, Житомир және Винница облыстары бағытында қозғалып жатқанын хабарлады.
Kazakhstan calls for the development of a phased plan for the complete elimination of nuclear weapons by 2045