Мәжіліс депутаты Айдос Сарым "Украинаны қолдаған Қазақстан азаматтарын қылмыстық жауапқа тартуға бағытталған әрекетті жария түрде насихаттағаны" және "Ресей пропагандасының нарративін" таратқаны үшін украиналық "Миротворец" сайтының дерекқорына енгізілді. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Сонымен қатар, сайттың хабарламасында Каспий құбыр желісі консорциумының инфрақұрылымына шабуыл жасалғанан кейін Айдос Сарымның Қазақстан бас прокуроры Берік Асыловқа қайырылып, "осы шабуылды қолдаған азаматтардың әрекетіне құқықтық баға беруді" талап еткені және мұндай әрекеттерді "Терроризмді насихаттау" және "Мемлекетке опасыздық жасау" баптарымен қарастыруды сұрағаны жазылған.
"Шын мәнінде, бұл талаптар Украина мен оның азаматтарын қолдауды тұншықтыру, Украинаның өзін қорғау құқығын мойындаған тұлғаларды қудалау, Ресей мұнайының экспортымен байланысты инфрақұрылым мүддесін қорғауға бағытталған" деп жазылған сайтта.
Депутаттың өзі Ulysmedia берген түсініктемесінде "екі тараптың да қара тізіміне ілінгенін" айтқан.
"Шынымды айтсам, маған бәрібір. Бұл күлкілі. Мен Ресей мен Украинаның "қара тізіміне" бір мезетте ілініп отырмын. Сирек талант. Егер қаласа, екі рет тізімге кіргізсін" деді депутат.
Айдос Сарым сонымен бірге Украина Жоғарғы радасындағы әріптестерімен байланысын үзбейтінін де атап өтті.
"Мен Украинаға қарсы нәрсе айтып отырған жоқпын ғой. Қазақстандық инфрақұрылымды бомбалағанына қуанып жатқан қазақстандықтарға қатысты айттым. Оған қуануға болмайды" деді депутат.
Былтыр DW басылымы Қазақстан парламентінің депутаттары Айдос Сарым мен Ермұрат Бапиге және бірқатар өзге қоғам қайраткеріне Ресей аумағына кіруге тыйым салынғанын жазған еді. Айдос Сарымның сөзінше, 2021 жылы оны қолында дипломатиялық төлқұжат болғанына қарамастан Мәскеуге кіргізбей қойған. Ресми Астана бұл жайлы пікір білдірмеген.
Былтыр күзде украиналық «Миротворец» сайты Қазақстанның ықпалды саясаткерлерінің бірі, кезінде премьер-министр, бірнеше аймақта әкім, елші қызметін атқарған, 2026 жылға дейін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымында бас хатшы боп істеген Иманғали Тасмағамбетовті де ресейшіл адам ретінде тізімге қосқан еді.
Айта кетсек, «Миротворец» – украиналық тәуелсіз, мемлекеттік емес ұйым. Сайт 2014 жылы құрылған. Бастама авторы – сол кездегі ішкі істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарған Антон Геращенко.
Платформа, негізінен, орыс әскері шебінде соғысқандардың, Ресей бақылайтын Донецк және Луганскіні қолдаған немесе аннексияланған Қырымға барған азаматтардың аты-жөнін жариялайды. Бұдан бөлек сайтта оккупацияланған украин жерінде жұмыс істеп, ақпарат тарататын журналистер жайлы да ақпарат жиі шығады.
Do not go to Israel and Lebanon - the Ministry of Foreign Affairs of the Republic of Kazakhstan made an appeal