Бүгін, 23 қаңтар күні. Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты жұмыс тобының алғашқы отырысы өтеді. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков телефон арқылы өткен брифингте айтты, деп хабарлайды "Адырна".
Брифинг Украинадағы бейбіт реттеу мәселесі бойынша Дональд Трамп өкілдері мен РФ президенті Владимир Путин арасындағы келіссөздердің қорытындысына арналды.
Юрий Ушаковтың айтуынша, «жұма күні, яғни 23 қаңтарда Абу-Дабиде қауіпсіздік мәселелері бойынша үшжақты жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізіледі». Оның мәлімдемесінің жазбасы ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігінің сайтында жарияланды.
Ресей делегациясы қазірдің өзінде жасақталған және алдағы сағаттарда Біріккен Араб Әмірліктеріне аттанады. Делегация құрамына РФ Қорғаныс министрлігі басшылығының өкілдері кіреді. Оларды РФ Қарулы күштері Бас штабы Бас басқармасының (бұрынғы ГРУ) басшысы, адмирал Игорь Костюков бастап барады.
23 қаңтарға қараған түні Кремльде жабық форматта өткен кездесуге америкалық тараптан АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф, Ақ үйдің аға кеңесшісі Джош Грюнбаум және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысты.
2017–2021 жылдары Трамптың аға кеңесшісі қызметін атқарған Джаред Кушнер қазіргі уақытта АҚШ әкімшілігінде ресми лауазымға ие емес. Соған қарамастан, ол Трампқа ықпалын сақтап, Ақ үйдің дипломатиялық және саяси бастамаларына қатысып жүр.
Ал Джош Грюнбаум – АҚШ-тың Жалпы қызметтер басқармасындағы Федералдық сатып алулар қызметінің комиссары. Ол Трамп тағайындаған жаңадан құрылған «Бейбітшілік кеңесінің» аға кеңесшісі ретінде бұл келіссөздерге алғаш рет қатысқан.
Кремльдегі кездесуге Ресей тарапынан Владимир Путин мен Юрий Ушаковтан бөлек, РФ президентінің арнайы өкілі, Ресей тікелей инвестициялар қорының (РФПИ) бас директоры Кирилл Дмитриев қатысты. Юрий Ушаковтың айтуынша, келіссөздер төрт сағаттан астам уақытқа созылып, «аса мазмұнды, конструктивті, барынша ашық әрі сенімді жағдайда» өткен.
Ушаковтың сөзінше, Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Давоста өткен кездесулерден алған әсерлерімен, соның ішінде Дональд Трамп пен Владимир Зеленский арасындағы жүздесу туралы ойларымен бөліскен.
Сонымен қатар ол Абу-Дабиде Ресей мен АҚШ арасындағы екіжақты экономикалық мәселелер жөніндегі топ басшылары — Стив Уиткофф пен Кирилл Дмитриевтің де кездесуі өтетінін атап өтті.
Azerbaijan Airlines stated that “physical and technical obstacles” were the cause of the crash near Aktau